Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  105


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Сөз басы

Парк іші. Көгершінге шаштым жем,
Баламды ертіп, алға қадам бастым мен.
Жаздың жарқын күні еді, аралар
Ызың қағып ұшып жүрді жас гүлден.
Үш қария – көгершінді санайды,
Айналаға мейірлене қарайды.
Үшеуі де майдангер-ау, шамасы,
Үш «генерал» десе-дағы жарайды.
«Балам!» - десті...
Саналмадық бөтен біз,
(Қартты сыйлап, мақсатқа шын жетерміз).
Үш қария – үш жауынгер атаға
Сəлем бердік баламызбен екеуміз.- Заман тыныш,
Баласысың кімнің? – деп,
Үш қария сұрап шықты бір-бірлеп.
Бірі сосын аңыз айтты.
Сөзінде
Тарих тұрды домбырадай күмбірлеп...
Күн сөнді күмбез көгінен,
Шаң басты жерді бұрқырап,
Қан қырғын, майдан төрінен
Құлындай даусы шырқырап,
Шошынып безді сəйгүлік,
Батырын сонда қалдырып,
Адамның басы қаңғырып,
Аспанның жүзін шалды бұлт.
Қайрылды қанша алдаспан,
Қан жұтып қанша қайғырды ел,
Балпаң да балпаң жер басқан,
Батырларынан айырылды ел.
Қаланың ішін даң қылып,
Қақпаның ішін шаң қылып,
Қарақшылық пен қандылық
Найзаның сүйір ұшына
Өмірдің өзін алды іліп.
Халықты ашу, кек керіп,
Жүрекке намыс тұнғанда
Қырғынды бастан өткеріп,
Қарақшылардың қалжасын,
Қанжығаларға бөктеріп,
Қайратты шыңдап тұрғанда,
Жаралы сарбаз жанына
Жиыпты елді тағы да.
Қарулы, батыр қарт екен,
Қалқанын ілген қарына,
Алты жасар бала көзінен
Қайсарлық отын көріпті,
Былайша бата беріпті:
- Жап-жасыл менің өркенім,
Қолыңда сенің ертеңім...
Кішкене сəби кезімде
Мен де өзің сынды ерке едім.
Қиырдан келген қыңыр жау
Балалығымды өртеді...
Сол жайлы саған, сүйіктім,
Қайғылы сырлар шертемін...
От көрдім, балам, көзіңнен,
От деген – туыс төзіммен.
Халқыңды сүйсең қалтқысыз,
Бір болар əр кез өзіңмен.
Қиындық көрдік көптеген,
Қайғы жоқ біздер шекпеген.
Не көрсең де, шырағым,
Көргенің жөн көппенен,
Қаз басып, буын бекіген
Қара Жер-ана бетінен
Кетерміз ... біреу көтермей,
Сілтеме қылыш, өтінем...
Көп жылап , сирек күлдік біз,
Өмірдің сырын білдік біз.
Айқасқа талай кірдік біз.
Байлық пен даңққа құмартып,
Алдамшы арман мұнартып,
Адасып талай жүрдік біз.
Зорлықпен елді жылатып,
Қанданып келген бақыттан
Тер төккен еңбек шын артық.
«Қамданып келген дау жаман,
Шешімін таппас дау жаман».
Санаңды улап, сапырма
Сапымен келген олжадан.
Құлқыны тоймас құл болсаң,
Құрып кеткеннен сол жаман.
Қызғанба, жұрттың Ай, күнін,
Қызғаныш артар қайғы, мұң.
Жадыңда сақта, Жəдігер,
Халық пен намыс - байлығың.
Атаның жолын бақтай көр,
Ананың сүтін ақтайды ер.
Азаматы болам дер болсаң,
Халқыңды мəңгі сақтай гөр.
Əділдік туын көтерсең,
Адалым деп мақтайды ел.
Еске ала жүргін атаңды,
Алдыңда басты иейін,
Бердім мен саған батамды,
Маңдайыңды əкел, сүйейін...
Балаға сарбаз сыйынып,
Қамығып қартың қиылып,
Жамағат жұрттың алдында
Баланың
Аппақ бетінен
Сүйіпті дейді иіліп.
Көзінен қарттың кетіпті
Моншақтар мөлт-мөлт құйылып...
... Өмірден ол қарт өтіпті,
Бақытты күндер жетіпті.
Əлгі ұл елге басшы боп,
Тамаша тағлым етіпті:
Ұстаның бəрін жинап ап,
Салдырған биік мұнара,
Тұрғызған талай ғимарат.
Биіктен қарап қарауыл,
Өмірін елдің қорыпты.
Ашқызып мектеп əр ауыл,
Үйретіп, шəкірт оқытты.
«Мұнара сыры неде?» - деп,
Талай жан мұнда келіпті.
Басшысы ойын шегелеп,
Былай деп жауап беріпті:
«Бабалар айтқан шындықтың,
Аналар берген ақ сүттің,
Айғағы болсын – мұнара.
Бабалар жатқан жерлердің,
Еңіреген ел деп ерлердің
Байрағы болсын – мұнара.
Қан көбік жұтқан халықтың,
Жазылмай қалған тарихтың,
Белгісі болсын – мұнара.
Зұлымдықтарды таптаған,
Əділдіктерді мақтаған,
Ел күші болсын – мұнара.
Диқанның қанын төккеннің,
Арқалап қарғыс өткеннің,
Күйрегені бұл – мұнара.
Басқыншы жаудан қорғанып,
Қылышқа басын ер халық
Имегені – бұл мұнара.
Берік боп елдің жан-жағы,
Түспесін соғыс-күйікке.
Ата-бабалар арманы
Əрқашан болсын биікте!
Елдігін елдің қорғаған
Арманда кетті көп қыршын.
Мұнара – жерде орнаған
Əділді туы боп тұрсын!
Пұшпағын туған жерімнің
Табаны жаудың баспасын!
Əр тасын туған елімнің
Əр адам қорғап, сақтасын!»
... Өнеге болып ер ісі,
Төбеде тұрды күліп күн,
Мұнара – елдің жеңісі,
Белгісі Бейбітшіліктің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу