Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  137


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Белгісіз солдат

Тұнжырап күңгірт күз аспаны
Бояуын жағыпты сұр жонға.
Бір солдат шинельді, каскалы
Автомат көтеріп тұр қолда.
Сенің де, менің де танысым,
Жауынгер азамат – аты оның.
Ел мəңгі ұмытпас арысын
Жан қиып қорғаған Отанын!
Тыныштық əндері
Тыныштық əндерін айтады,
Алақан аялы, мүгедек таяғы,
Тыныштық керек деп
Қара жер жапырақ жаяды,
Тыныштық əндерін айтады,
Төгілген күн нұры, самалдың сыбдыры,
Бұлақтар сыңғыры, құстың да, бақтың да мəуелі.
Айтары бейбіт күн əуені!
Күйлерін шертсінші күйшілер,
Əндерін шырқасын əншілер...
Соғыс қажетсіз,
Онсыз да адамды жеңеді, уақыт – қамшыгер.
Қара жер қойнауын, тауы мен жайлауын
Оятып еңбекпен, жырменен,
Адамдар орайды гүлменен.
Бейбітшіліктің – ең ұлы əні ғой бұл деген!
Түрмесі, дар жібі, қорғасын жаңбыры,
Өлім сепкіштердің болмасын барлығы!
Өйткені ойнайтын зат емес адам тағдыры!
Естімейік самолет-шуын,
Бомбалар гүрсілін, адамдар сыңсуын.
Қара жер диқанның қолымен жайнасын,
Ашкөз оқтар жұлмасын тіршілік бүршігін!
Түтін мен оқ дəрі иісіне тұншығып,
Талмаурап тұрмасын күн шығып!
Өйткені қара жер бетіне керек-ақ тамаша тіршілік!
«Соғыс – қасірет» дейміз мына біз,
Соғыс қайғысын кəрі солдаттан сұраңыз.
Сұраңыз Анадан, қайғысы жүз батпан,
Жүрегін сұм соғыс мұздатқан,
Келешек таң үшін, ауылдар жоғалтты
қаншама арысын.
Қаншасы белгісіз, дерексіз...
Сұм соғыс! Керексіз! Керексіз!
Еркін ессін көктемнің самалы,
Еркін өссін болашақ адамы!
Қара жер – Ана жер ұмытсын жараны!
Тыныштық əндері тербетсін даланы, қаланы.
Тыныштық əндерін айтады:
Ананың құшағы аялы,
Сəбилер қолдарын жаяды,
Күледі алаңсыз ойланбай...
Тек қана мүгедек таяғы
Ескертіп қояды:
«Қайталанбасын, - деп, - соғыс баяғы!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу