Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  105


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Құдық

Қартайып қалды бұл құдық,
Қалатын шығар құм басып,
Қызылқұм кетті ұмытып,
Шардараменен сырласып.
Ал бұрын қауға жаңғырып,
Адамдар бұған келетін,
Мейірін елдің қандырып,
Мөп-мөлдір суын беретін.
Болдырып жеткен біреудің
Шылайтып ернін кеберген,
Шөп басқан құдық бұл енді
Шегені құлап, көнерген.
Жатыр тек өз-өзімен,
Ешкім де іздеп келмейді.
Қарайлап елге көзімен,
Қауғалап суын бермейді.
Бір күні тоқтап шамалы,
Келді екі бала – жүргінші.
Мұны олар тани алмады
Өзінше беріп бағаны «Бұл – зындан», - деді «білгіші».
Балалар сөйтіп ұмытты,
Баба су ішкен құдықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу