Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  85


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Көне шаһар

Тұрып қалған кермеде,
Тұлпары ма ең ғасырдың?
Тұныпты арман кеудеңе,
Тұяғы ма ең асылдың?
Ойға кетіп бір мұңды,
Қалғып тұрсың несіне?
Өтіп кеткен қырғынды
Түсірдің бе есіңе?
Оттай болып тұр көзге
Тарих сырың маздаған,
О, Түркістан, бір кезде
Өшіп кете жаздаған.
Халық ханнан қасқырдай,
Қандай азап шекпеді?
Табанымның астында
Тарихымның беттері.
Мавзолейін жыршы қып,
Түркістан бір жырлардай.
Тастар байғұс тұншығып,
Сөз айта алмай тұрғандай.
Уақыт салды тезіне,
Бақыт жанды тасыңда.
Қария, келген көзіңе,
Жасыңды да жасырма.
Заман айтар кесімін,
Күндер қазір тамаша-ақ!
Өткен күнге – кешірім
Жасай берсін болашақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу