Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  126


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Оразгелді деген елміз...

Оразгелді деген елміз,
Деп жүрміз: «Біз-белміз!»
Бірімізді-біріміз қинаймыз,
Ақшасы бар адамды ағайындай сыйлаймыз.
Өліп бара жатса да,
Туысқа тиын қимаймыз.
Жау жағадан алғанда,
Ұран салса-жиылмаймыз.
Өзді-өзіміз қалғанда,
Иттей таласып, ырылдаймыз.
Шыбындай шығын боп қалса,
Жылан шаққандай шырылдаймыз.
Өзімдік дегенде
Өгіз құсап пырылдаймыз.
Ағайын үшін дегенде,
Арқан тастамаса бұрылмаймыз.
Ағаны теуіп жат қыламыз,
Ініні мініп ат қыламыз.
Бөтен біреуге табынып, жағынып,
Қой сойып, көкпар шаптырамыз.
Өскенімізді көре алмаймыз,
Өшкенімізге қол бере алмаймыз.
Қызметі бардың қолына су құйып,
Қызметтен кетсе-мылтықпен атса оралмаймыз.
Мақтанғанда-қапқа тыққан сабандаймыз,
Таласқанда-қорсылдаған қабандаймыз.
Бүтінімізді жыртумен жүрміз,
Жүз жылда да жамалмаймыз.
Алты атаның ішінде,
Аса мықты саналмаймыз.
Қоңыраттың ішінде,
Ірілікпен қаралмаймыз.
Қазақта-Оразкелдіні,
Шөмеледегі инедей таба алмаймыз.
Арқыраған əкімі жоқ,
Жарқыраған ақыны жоқ.
Ғалымын құрметтеуге,
Ақылының татымы жоқ.
Ел бастаған ағасы жоқ,
Аузына қараған баласы жоқ,
Өнегесі жоқтың бағасы жоқ.
Өлген шалын іздеген немере жоқ,
Жайылған шаңырақ, керілген кереге жоқ.
Мазарлы жай болған би-болысы жоқ,
Базарлы бай болған үй қонысы жоқ.
Ағайынды жерге жиған диқаны жоқ,
Бас молдасы, мешітшіл иманы жоқ.
Өлтірілгендерді жоқтау да жоқ,
Сүйекке-таңба салуға тоқтау да жоқ!
Өлгенді ырза қып, тірісі байыған жоқ,
Байығаны-өз қорасынан алыс жайылған жоқ.
От басы, ошақ қасынан аспай,
Қазақ үшін көкпарды тақымға баспай,
Серкені сирағынан қайырған жоқ.
Əбдіəкім дамолланың алтын басын,
Салмақтаған жоқ-
Асабай шалды ардақтаған жоқ.
Əбдіраман байды əлі іздеген жоқ,
Өлген жақсысын іздейтін тəріз деген жоқ,
Бірін-бірі жамандаған қатын өсекке,
Білімнен-дəрі іздеген жоқ.
Үміт үзілді, сана сарғайды, ақыл алжасты-
Келін көшеге шықты,
Бала басын бұтқа тықты,
Аға арақ ішті,
Шал қашты.
Құм жиылып тас болмайтын сияқты,
Құл жиылып бас болмайтын сияқты,
Ақылымыз рас толмайтын сияқты,
Тойғанда тобаны ұмытамыз,
Қарынымыз енді аш болмайтын сияқты.
Жоғарыға ортадан сайлаған адамың жоқ,
Сайлануды ойлауға
Саналы қадамың жоқ.
Бірліксіз тозатынымызды,
Бірлікпен озатынымызды,
Түсініп жетпеген екенбіз,
Ауызбен қулық сауып,
Тілмен егін орып ептеген екенбіз.
Тоқалдың баласы деген аттан,
Əлі ұзап кетпеген екенбіз.
Басқадан көргенің-қорлық,
Өзіңе жасағаның-зорлық,
Өлімнен –ұят күшті,
Басқа жерде бет қызарып,
Ысыдық, тоңдық
Қайтып ел болдық?
Қайтсек-оңдық?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу