Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  126


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Дүние керуен, керуен, керуендеткен...

Дүние керуен, керуен, керуендеткен,
Бағында бай, кедейді серуендеткен.
Астында топырақтың сыр жасырып,
Төмпешік болып жатыр келген, кеткен.
Бұл бір жыр жазылмаған заманында,
Кер кеткен, кесір уақыт амалында.
Бұл жерден басқа туған жер жоқтықтан,
Сүйемін адалын да, арамын да.
Бақ қонып, қыдыр дарып талайын да,
Пір тұттым. Сəлем бермей қалайын ба:
Аман бол, жау тигенде,
Балағымнан,
Ит болып тістелеген ағайын да.
Гүлді теріп, тікенді жаман демен,
Күйлесіп əркім өткен заманменен.
Түйедей жалаңды да кешіремін,
Түймедей алғыс үшін маған деген!
Туған жер-сенен бөлек жоқ тұғырым,
Қорғаштап абыройыңды өтті күнім...
Керуен көшіп, ит үріп жүре берер


Тек Адам, кірлемесін тектілігің!
Азамат! Туып-өскен Жерді таны!
Аралап, асын беріп, Елді таны!
Кебінге оралған соң, амалың жоқ,
Кебенек ішіндегі Ерді таны!
Тау қозғалса-өзгермес салмақтылар,
Замана көргенсізді қаңбақ қылар.
Аузыма өлең болып оралдың-ау,
Арманда өтіп кеткен ардақтылар!
2.
Аруақтарым, қолдай гөр, кешір мені:
Жетпіс жыл жүрек зары шешілмеді.
Тірі жүрген өліктің кейбірінен,
Сендер ең, аяулырақ есімдері.
Ізіңді «измдерім» өшірген соң,
Табаным бодандықта тесілген соң,
Қызылдар қызыл қан қып бұғаулаған,
Қызыл тілдің кісені шешілген соң...
Сөйледім, қажы, қары, болыстарым!
Сыйынып мұсылманша жол ұстадым.
Тəу еттім, сынығына шаңырақтың,
Сіз жүрген суын іштім қоныстардың!
Өтелмей қалды сізге борыштарым,
Көрдіңіз қан төгіліп, оқ ұшқанын!
Əзіздер, саламат боп имандарың,
Қайырлы болсын жатқан қоныстарың!
Я, Алла, тілегімді бер жылатпай,
Діннен ел сусындасын ен бұлақтай!
Асылдың тұяқтары үлгі шашсын
Арбадан босап шыққан Керқұла аттай!
Өнеге бұрынғыдан таралады:
Деген бар, «ханның басын хан алады».
Мың жұлдыз жалғыз күнге тең бола алмас,
Тектіден текті тұқым таралады.
Кебенекті кигізіп қойсаң-дағы,
Нұр шашып жарқырайды ой саңлағы!
Тексізден түйір майдай асыл шықпас,
Алтын керсен-жем беріп, сойсаң-дағы!
Көңге көмсе кір жұқпас асылдарым,
Заман келді,
Жарқыра жасындарым!
Қан болып ағып жатыр ұрпағыңда,
Асыл қаның!
Адамнан жасырғаның!
Аш қалсаң да абырой қашырмадың,
Дұшпан сөзін басыңнан асырмадың!
Ардағыңды арулап көме алмадың,
Арманыңды Алладан жасырмадың!
«Ештен-кеш» деп жұбатты бабаларым,
Оралдыңдар үлгі боп даналарым.
Жеті мəрте кессе де жаны шықпас,
Ертегі батырындай ораламын!
«Туған жерге егелік қып тұрамын!»
Деп қорғап атажұртын тұрағын!
Өрінде Ұлы өмірдің ұрпағың жүр,
Төріңде, тыныш ұйықта, Мықтыларым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу