Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  106


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Жатырмын аурухана төсегінде...

Жатырмын аурухана төсегінде,
Қимады туыс пенен дос өлімге.
Жаныма дауа болар бір ем іздеп,
Жанталасып келемін осы өмірде.
Жатырмын аурухана төсегінде,
Тірінің бармын əлі есебінде.
Дипломды ақшаға алған милау доқтыр,
Мал екен деп қалған-ау кесерінде!
Жатырмын аурухана төсегінде,
Естідім дұшпанымның өсегін де.
Тұрамын! Тұрамын деп жанталастым,
Жаспын ғой! Қалай көнем бос өлімге?!
Деп едім, біттім, өлдім, тəмамдалдым,
Алладан демеу келіп аман қалдым.
Қуаныштан егіліп жылап жаттым,
Қадірлі кеш түсініп адамдардың.
Майданын отты өмірдің кешкендерім,
Бір үзім нанды бөліп жескендерім.
Артықтау қылығымды кешіріңдер,
Сау кезде өз қатемді ескермедім.
Мен қайыр бермей кеткен қайыршылар,
Білемін, кінəлауға дайынсыңдар.
Алла айтты: садақа бір, қайырымды бол,
Алдыңнан жақсылығың дəйім шығар?!
Аллаһым, арылдым мен, имандымын,
Мың тағзым, құт дарытсын, қиған күнің...
Қадірін қалған өмір бек түсіндім,
Қайтадан шешілгендей жиған жүгім...
Жатыр ем аурухана төсегінде,
Аллаһым, өзі азайтты кеселін де.
Алғыс айтып кетейін ижазат бер,
Дүниенің жалғанынан көшерімде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу