Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  123


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Бала тілеу

Сəулем саған не дейін?!
Баба Түкті Шашты Əзіз болып тілеп,
Ойлағайсың мен саған жолықты деп,
Қожа Ахметтен тілеген ару аналар,
Арыстанбапқа түнемел қоныпты кеп.
Періштенің қанаты пəк болады,
Секілденген сəбидің ақ тамағы.
Бабасына сыйынып шын тілесе,
Басы ауырған бəндəсі бақ табады.
Бүлдіршіннің сияқты саусақайы,
Барлық дүние бал-тəтті болса, кəні.
Жантақ жеген ісі адал түйеге де,
Су екеш суды құдай аңсатады!
«Бермеді деп құдайым тілегенді»,
Неғыласың көп іздеп кінəлі ерді?!
Күнəсіздер аттанып арғы бетке,
Күнəлілер басып жүр мына жерді.
Жыламашы, сəулешім, жылама енді,
Шаңыраққа уық боп құрал, енді.
Аруақтардан тілеп ем ақ жол саған,
Арқа түгім күдірейіп шыға келді?!
Аз күн мейман мекендеп бұл əлемді,
Құлағасын құшамыз құба белді.
Олай тарттым құмалақ, бұлай тарттым,
Сенің жолың ашық боп шыға берді!
Сұра, сұра! Береді шын сұрасаң,
Көрдегіні оятып тыншымасаң-
Мың күн сынбай сынады бір күн шөлмек,
Бір лəззатын береді мың шыдасаң.
Бал тереді Ара да гүлді сүйіп,
Гүлді сүйіп Жылан да жүрді ісініп.
Бірі уды жасайды, бірі балды,
Осындай қып қойыпты қу тіршілік?!
Сен-Арасың, бал терген халқың үшін,
У жинауға титтей жоқ талпынысың.
Бір Алласы бақытын кеш ұсынар,
Бір Ананың ақ маңдай алтынысың.
Қораңызда бір Айғыр кісінеп тұр,
«Бəрі-дұрыс, Алланың ісі» деп тұр.
Шапанынан жөргектің иісі аңқып,
Бие ұстаған Ақсақал кісі кеп тұр.
Кеш келеді, бақытың кеш келеді,
Туғаныңда бір Алла шешкен еді...
...Пешенеңде жарқырап Ай туып тұр,
Нұрдан басқа көрмедім ештеңені?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу