Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  102


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Беймезгіл төсек жинадым...

Беймезгіл төсек жинадым,
Некесіз көңіл қостым-ай.
Қинайтын кезде қинадың,
Кешетін кезде кеш, құдай.
Алаулап барып біткен от,
Ақыры қосып алып бір.
Ақталар сөзден түк те жоқ,
Ақжүрек өлмей жанып тұр.
Дүние жалған бес күнгі,
Күнəні қалай жуа алдық?!
Жылатқан жоқпын ешкімді,
Екеуміз бірдей қуандық.
Денені дене тапқан соң,
Лəззатқа толды жанарым.
Бақыттың балын татқан соң,
Күнəнің уын жаладым.
Бөлінді денем бөлшекке,
Рахат, сезім жетіп шын.
Сол кезде, құдай, сол сəтте,
Ұмытып сені кетіппін.
Аспан мен Жердің арасы,
Қосылып сол сəт кеткендей.
Болыппын сонда қарашы,
Шыңырауда суға жеткендей.
Аспанның бұлты тарады,
Бей мезгіл төсек жинадым.
Ұмыт бол, рахат жаңағы,
Ұят пен күнə, қинадың.
Сайтан да емес азғырған,
Жоғалмап еді ес бұлай.
Алдамшы сəтпен мəз қылған,
Кеше гөр, құдай, кеш құдай?!
Жарты жыл жамбас сарғайып,
Кеселмен жанды қинадың.
Жоғалған нəпсім жанданып,
Бір сағат рахат сыйладың.
Бір өмір болып өлшенер,
Сағаттан минут қимадым.
Кеше гөр, құдай, кеше гөр,
Қинамас жерде қинадың.
Сынамас жерде сынадың,
Сыныңнан өте алмадым.
Қанбады лəззат құмарым,
Тоюға жете алмадым.
Күйдірші, сынап, күйдірші,
Күнəңді артшы көнейіп.
Сүйдірші, құдай, сүйдірші,
Сүйісіп жатып өлейін.
Сағынып зорға жетіп ем,
Құшаққа құлат балқыған.
Екі жүректің отымен,
Өртеніп кетсін бар күнəм!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу