Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  104


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Бай болмаймын демеңіз...

Тірлікке көңіл толмайды,
Салынба сары уайымға.
Қайғыруға болмайды,
Жалған дүние жайында.
Пендесі болса шыдамды,
Жемісі жақын қасына.
Жыланды тəңірім шығарды,
Шыдатып таудың басына.
Қиыннан, сірə, қашпасаң,
Табыстың бəрі сен жақта.
Жеңілдеу тірлік бастасаң,
Жеңісің қалар аулақта.
Сақтансаң-сақтар деген бар,
Қамбаңды кілтте, қамдан да.
Шайтани мінез адам бар,
Алаяққа алданба.
Мақтау сөзге мастанып,
Арамның ерме соңына.
Қу толағай бастанып,
Ұрының түспе жолына.
Аянбай төккен теріңнің,
Рахаты көп кешікпес.
Ауырын тартсаң еліңнің,
Ата жауың да өшікпес.
Жақсылар көп жаманнан,
Көңілге тиме, абайла.
Адасып жүрген адамнан,
Адалдық ізде қалайда.
Жанжалдан аулақ болғайсың,
Сенетін жанға сүйеніп.
Ауызбен орақ ормайсың,
Тіліңе еткін иелік.
Көкейді жүрген мазалап,
Көрнекті жанда түйін көп.
Атадан туған азамат,
Болудан асқан қиын жоқ.
Жеңілтек жолға салынба,
Көлденең сөзге көп ерме.
Қоңғалы тұрған бағың да,
Мінезбен қалар денеңде.
Бағыңыз сынға түскесін,
Қарбалас тірлік көп болар.
Азамат арақ ішпесін,
Ішкесін ақыл жоқ болар.
Қапа да болмай қабарып,
Қасқайып жарқын күліңіз.
Күтпеген көп қой жаңалық,
Абай да болып жүріңіз.
Туыстың бөлме арасын,
Ағайын-тату жарасым.
Ата-анаға қарасың,
Баба жолымен барасың.
Салыңыз суға кетпесін,
Қинай да берді-ау жиі деп.
Ісіңді тəңірім ептесін,
Құдайдың берер сыйы көп.
Нақтылап тірлік етсеңіз,
Қолыңыз тіпті майланар.
Баһарда бидай сепсеңіз,
Саһарда диірмен айналар.
Ойланған істі асығып,
Батылдау қолға алыңыз.
Жатқан жоқ жолда шашылып,
Несібе-деген наныңыз.
Жетімнің хақын жемеңіз,
Саяңда байғұс ықтасын.
Бай болмаймын демеңіз,
Қайырым естен шықпасын.
Майлы ет тисе тісіңе,
Ұмытпа обал-сауапты.
Құдайдың салған ісіне,
Пендесі болмақ жауапты.
Шыдадың ғой қырқына,
Белгілі тірлік қашаннан.
Орманды өртер шырпы да,
Жаңқадан жонып жасалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу