Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  97


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Таңдану

Белінде Əке бір шақта,
Жеті бір түске боялмай.
Мехрибан ана құрсақта,
Құлыпталып жаттық оянбай.
Тылсымы бөлек түндерде,
Құдіретімен құдайдың!
Жарбиып жарық дүниеге,
Біз пайда болдық қояндай.
Сүтінен Ана құшырды ап,
Жыладық, қалсақ тоя алмай.
Тойған соң танау пысылдап,
Ұйықтадық тəтті оянбай.
Тəлтіреңдеп аяқ жылжыттық,
Зынданнан шыққан нояндай.
Қанағат қылдық бір құрттың,
Жартысын жесек тоярдай.
Жер беті жасыл, пəк дүние,
Жасылға дүние боялды-ай.
Алпамыс құрыш денеде,
Алыптың күші оянды-ай.
Алшаң да алшаң жер бастық,
Өкшеміз жерді оярдай.
Су кешіп, құм мен қар бастық,
Тауларды таптап қоярдай.
Баяғы бөпе қайда енді,
Бүрісіп жатқан қояндай?
Бір тамшы əке-белбеуде,
Жүр едік тыныш, оянбай.
Қара бір жерге сыймап ек,
Шайнасып бақа, шаяндай.
Ақыры, таптың қырға кеп,
Айқұлақтанған молаңды-ай.
Он сегіз мың ғалам тəртібін,
Жаратып, қайта жоярдай,
Құдіретіңе тəнтімін,
Жаратқан Тəңір, ой, Алла-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу