Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  162


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Қазақтың қайсар қызы Шәмшә ханым

Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
Көрдіңіз креслоның қаншаларын.
Кейбіреу Сіздей абырой жинай алмас,
Салса да қанша дүние, қанша малын!
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
Мен Сізді көрген сайын тамсанамын.
Білімнің қасиетті ордасынан,
Қыздарым алып жатыр аңсағанын.
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
Ай нұрлым, Күн келбеттім, таң самалым.
Дəл Сіздей болған шығар, асып кетсе,
Томирис, Айша бибі-ханшаларым.
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
Əлемге қуаныштан жар саламын:
«Ақылды да сабырлы, əрі сұлу,
Шəмшəдан үлгі алыңдар, баршаларың!
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
Көрдіңіз арамдардың қанша амалын.
Сіздегі төзімге мен теңер едім,
Мың жылдық Алатаудың аршаларын!
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
Көрдіңіз сатқындардың қаншаларын.
Кейбіреу Сіздей абырой жинай алмас,
Салса да қанша дүние, қанша малын!
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
«Мен Сіздей қызды қорғап жан саламын!»
Десем де, батыр мінез қайратыңмен,
Бықсықтардың «өсегін» пəршаладың!
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
Сіздегі жүректе бар қанша жалын!
Сіз-Шыңсыз, тау басында бұлт болады,
Анау-мынау сөздерге шаршамағын!
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
Басқалар-əн, Сіз вальсі Шəмші ағаның!
Етектегі ессіздер қайдан білсін,
Шыңдағының шөлдеген, тамсағанын!
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
Алла берер адамның аңсағанын.
Айналайын қазақтың асыл қызы,
Бақыттың мол татыңыз бал шарабын!
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
Батасы бойыңызда барша Ананың!
Сізге қарап түзейді бойын халық,
Қыздары өнер, білім, сан-саланың!
Қазақтың қайсар қызы Шəмшə ханым,
«Өмірде қиындыққа қарсы ағамын!»
Деп қажып келгеніңде, бір қарай сал,
Мен Сізді осы өлеңмен қарсы аламын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу