Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  94


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Қасына балалардың келді қайтып...

Қасына балалардың келді қайтып,
Жоғынан кедейліктің қапа тартып.
Бір жерге балаларды жатқызады,
Олардың қапалығы қатты батып.
Ұстады қу шыбықты қолына алып,
Əр түрлі қапалықтан қиялданып.
Сол алған қу шыбықты жерге шаншып,
Саждаға жылай берді басын қойып.
Саждаға басын қойып қалды жатып,
Ағашқа,я, құдая, мəуе сал деп,
Зарлады мінəжат қып зікір айтып.
-Құдіреті күшті бір Алла,
Көңілім құрсан табар ма.
Бір кезеңге таластым
Əбужаһил арамға.
Қанша айтсам да болмады,
Жазулы болар каламда.
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар
Бəріңе жылап қылдым зар,
Тарығып тұрмын тамақтан,
Қасымдағы жараңдар,
Ғайыбыңнан жеткергін,
Ризық беруші пəруар!
Осы шанышқан шыбыққа
Көгертіп, алла, мəуе сал.
Қызыр, Ілияс, Ыдырыс,
Біз ғарібдан хабар ал.
Біз бишара жетімбіз,
Ауқат үшін ынтызар.
Жан жаратқан жаппар хақ,
Бір өзіңе жыладым.
Қасымдағы балдарға
Жүзімді төмен қылмағын.
Патша қыл, бай қыл демеймін,
Бір күндік ауқат сұрадым.
Балалардан ұялсам,
Болады қандай сияғым.
Ауқатын тауып бермесем,
Нөкерді қайтіп жиямын.
Рахым Алла етпесең,
Бұл жерде қиын тұрарым.
Ғаламға патша бір Алла,
Əммесін өзің білесің.
Осындай деп көп жылап,
Саждеде көзі ілінді.
Ұйқыдан бейдар болып бір уақытта,
Қараса назар салып жан-жағына,
Қу шыбық тұрған екен мəуе салып,
Мұхамед түрегелді көп қуанып,
Оятты балаларды дереу барып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу