Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  161


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Киіз үй

Киіз үй шыныменен ескі ме еді,
Ескіден де жаңалық естіледі.
Абайдың алты қанат боз үйінде,
Айтылған асыл жүрек дос тілегі.
Мұнымен атам қазақ көшіп қонған,
Оттардан шошымайық өшіп қалған.
Шығыстың алты қанат ақ боз үйі,
Алтын маңдай Шоқанға бесік болған.
Халқыңның жалаңаяқ бала шағын,
Кетпесін ұмыттырып тамаша күн.
Ыпыны құрым киіз пана болған,
Қарынан желтоқсан мен қарашаның.
Маусымда мазаласа құрғақшылық,
Киізді құрған қазақ қырға ап шығып.
Тірлігін жалғастырған етік тігіп,
Ши тоқып, киіз басып, сырмақ сырып.
Кешегі қадым заман толқындары,
Біздерге үйреткен жоқ қорқуды əлі.
Қорқытпас жеңіл күпі, қаптал шекпен,
Бабамның саптама етік, ер-тұрманы.
Көмескі барлығы да көне өлеңдей,
Суалды сұлу сөздер ол да көлдей...
Бабамның мəсісі мен тақиясын,
Неліктен сағынамын мен өлердей.
Кейбіреу бұл сөзіме, бəлкім қарсы,
Мен болдым ескілікті алтындаушы.
Кешегі деңмент белбеу, кмер белдік,
Белімнен неге түсті айтыңдаршы?
Өрбиді осындайда ойдан арман,
Қазақы қасты ерлер қайда қалған?
Зергерлік, етікшілік, ағаш өңдеу,
Шашырап шашпау, теңге, ол жоғалған...
Менжатпын қызыл өңеш керісуден,
Айырылман қанмен келген жеңісімнен!
Атыңнан адалбақан айналайын,
Қой баққан қазағымның тері сіңген.
Кейбіреу киіз үйді қосты демес,
Ошақта от өшуін дос тілемес.
Киіз үй – жаңа да емес, ескі де емес,
Киіз үй – менен басқа ешкім емес!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу