Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  179


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Кілемім

Қойдан қырқып жүн алып,
Жүнді суға он малып.
Бояуменен былғалап,
Тарақпенен жұлмалап,
Ұршыққа əкеп жүн тағып,
Иіріліп, зыр қағып,
Төбедей жүн ортайып,
Домаланып, томпайып.
Ширатылып, бүктеліп,
Үзілмейтін жіп болып,
Келін, қызға беріліп,
Саусақпенен теріліп,
Қайшы келіп тебініп,
Адарғы, қылыш, арқаумен,
Өрмектермен өріліп,
Адырнадай жіптерден,
Алуан өрнек көрініп,
Гүл менен құс, шөптердің,
Суреттері төгіліп...
Күн артынан күн өтіп,
Түн артынан түн өтіп,
Төрт бұрышын түлетіп,
Əр табағын гүл етіп,
Соңғы жібі қиылып,
Жұрт көтеріп, жиылып,
Күнге жайып азырақ,
Тозаңынан ажырап –
Шыға келді жарқырап,
Көшкен қыздың көшінің,
Көркі болар – кілемім,
Өнерсіздің ішінің,
Өрті болар – кілемім.
Бар жасаудың, жарықтық,
Басы болар – кілемім.
Тарыққанда – халықтың,
Асы болар – кілемім.
Қуанышты күнімде,
Серік болар – кілемім.
Туған үйдің төрінде,
Көрік болар – кілемім.
Ренжіген көңілге,
Берік болар – кілемім.
Қойдан алған – кілемім,
Тойға арналған – кілемім.
Кілемімді ілемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу