Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  119


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Анашым менің!!!

Анашым менің, өзіңмен өткен күн қайда?
Мейірімің-Күндей, ажарың тең ед нұрлы айға.
Перзентті түгел азамат етіп өсірдің,
Сұңқардан сұңқар, тұлпардан тұлпар тумай ма?
Мінезің нұрлы, тамаша еді ұстамың,
Бір-бір үй болды балапандарың-құстарың.
Орнында барлар оңалар деген осы ғой,
Əділдік пенен адалдық жолын нұсқадың.
Енді сен жоқсың парасатты Анам асқардай,
Көңілде қайғы, көзімде ыстық жас қалды-ай.
Артыңда қалған ұрпағың шүкір, өсуде,
Жұлдызы, айы жарқырап тұрған аспандай.
Көп көріп, көпті тоқыған білгір дана едің,
Көктемдей нəзік, жайдары жаздай Ана едің.
Дастарханы ашық, пейілі таза үлгілі,
Айнала жұртқа абыройлы болған жан едің.
Нұрыңның балын тамызып аруақ боп кеттің,
Қиындықтарға шыдадың, гүлдей көктеттің.
Перзенттік антым: атыңа еш кір жұқтырмай,
Өзіңе ұқсап, жүректе сақтап өтпекпін!
Іздейді Ана, өзіңді жүрек дүрсілдеп,
Еске алмаған, дұға қылмаған күн сирек.
Торқалы топырақ, саламат иман тілейміз,
Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш болсын деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу