Өлеңдер ✍️

  18.05.2022
  133


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Апа, мені шақырма

Апа, мені шақырма,
Маған əлі ертерек...
Балапаным жүр əлі,
Бауырымда еркелеп.
Қанатымды жаяйын,
Мехрибаным, киелім,
Əруағыңмен қолдашы,
Айығайын, бер көмек.
Апа, мені шақырма,
Алтын күндей жарығым.
Енбей-ақ түсіме,
Пенде өмірді таныдым.
Тірілердің асығыс,
Өлгендермен ісі не?!
Ағалардың алдында,
Жүрейінші кішіре.
Қол көмегім созайын,
Арттан ерген кішіге.
Апа, əзірше енбеші,
Енбей-ақ қой түсіме.
Апа, енбе түсіме,
Түсіме енбе қорқамын.
Тірлікте бар берешек,
Алашағым, ортағым.
Алаңдамай біздерге,
Тыныш ұйықта асылым.
Жатқан жерің жайлы боп,
Жеңіл болсын топырағың.
Суылдайды жүрегім,
Түске кірме, қорқамын.
Апа, кірме түсіме,
Керегі жоқ, керегі.
Түске кірсең қозғалар,
Жан-дүниемнің тереңі.
Өзің жақтан-ғарыштан,
Там-тұм хабар келеді,
Жүрегіңнен мен сенің,
Жаралғанмын, себебі.
Көктем келді, нөсерден,
Топырағың көгерсін.
«Көктей қаулап ұрпағың,
Өсе берсін» дегенсің.
Рахман нұрлы Алланың,
Рахымынан нəр алып,
Жұраттарың жайнасын,
Жұраттарың көбейсін!
Аруағыңмен демерсің,
Көгерсін жер, көгерсін!
Хүкіміне Алланың,
Бар адамдай көнерсің.
Ахыретте Анажан, дидарымды көрерсің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу