Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  358


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Ес екеу, төртеу түс менде...

Ес екеу, төртеу түс менде,
Жүрекке есік-тас бекем.
Қайғының уын ішкенде,
Артынан білдім-ащы екен.
Өзекті жалап өрт өтті,
Тиген де жерін күйдіріп.
Өзім жасаған ертекті,
Өзіме қайта жидырып.
Бəрі де жалған, бос кетті,
Баяғы бала қиялдың.
Ажалдың жүзі сескентті,
Айылымды енді жиярмын.
Көзімнің жасы көл болды,
Көйлегі қара қайғымның.
«Айналайын!» ада болды енді,
Анашымнан айырылдым!
Жас едің анашым, жақсы едің,
Жаныма егіп ең ақ сенім.
Жемісі жесе-тіл үйірген,
Саялы, мейірімді бақша едің.
Кеше гөр, кеше гөр, құрметтім,
Барыңда-бағалай білмеппін.
Мен қалай басқаны «апа» деп,
Басқаны бас иіп, сүймекпін?!
Жасанды сүюге жоқ ебім!
Өзің деп жылайды өлеңім!
...Ақ сүтің бойыма нəр берген,
Өлеңім! Мен саған сенемін!
Сүрініп, шыдап-ақ келемін,
Жылаймын, жұбанам, көнемін.
Өзіңдей мейірім егемін,
Мейірімді басқаға беремін.
Үмітім үзілсе өлемін,
Жібінен айырылмай еремін.
...Дүниеде керегім сен едің,
Анашым, не дейін, не дейін?!
Өрбіткен бауырынан он баласын,
Өмірден сен де кеттің сорлы анашым.
Жылайсың, өкінесің-бекінесің,
Тағдырға қылар айла болмағасын.
Дүниеден сен де кеттің сорлы анашым,
Балаңның сүйрей-сүйрей төрге басын.
Көнесің, көндігесің, ойланасың,
Көргенде көп қабірді қор боласың.
Анашым, айта берем несін, несін,
Тағдырың басқа ауылға көшіргесін.
Анашым, есімдесің, есімдесің,
Есімдесің, аяулым, кешір, кешір...
Қайғы деген қара тас екен,
Қанжар ем, шауып қайырылдым.
Аз дəуренге мас екем,
Азымнан да айырылдым.
Алмады кімді бұл дөңдер,
Қабірге түсіп кетпедім.
Бірінші рет туған жер,
Жақпады жаңа көктемің!
Жаным Анам!
Жоқтығыңа сенбейді əлі балаң.
Жылы сөзбен сипалап жас жанымды,
Көңіл айтып жатыр ғой бəрі маған.
Көңілім əлі де алаң!
Өмірдің бұйырыпты зары маған.
...Мен сияқты туған жер перзенті едің,
Тартып алды қойнына кəрі Далам!
Бала қалды артыңда аңыраған,
Қызың қалды –құлаққа зары жаман.
Көтеріліп көңілден еш кетпейсің.
Көңіл айтып жатыр ғой, бəрі маған...
Саған қаза-маған жаза берді өмір!
Өтеуіне ойсыз-қамсыз күндердің.
Ауыздыға сөз бермейтін өр көңіл,
Аяқасты, еңсең түсіп үлгердің.
Енді кімді місе тұтпақ көңіл-хош?
Тағдырының тас үкімін естіді.
Айдай Анам отыратын төрім бос
Басқалардың толтыра алмас ешбірі.
Титтей гүлім еркелейді - жан қызым!
Қабағымның түскендігін байқаған.
...Анашым-ау!
Таянышым, жалғызым!
Сені жоқ деп қалай ғана айта алам!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу