Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  159


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Көндігемін Анашым, көндігемін...

Көндігемін Анашым, көндігемін,
(Көнбейтұғын нем қалды енді менің?)
Сені іздеген жүрегім сағынышын,
Көз жасымды себелеп сөндіремін.
Сенем, көнем тағдырдың жазғанына,
Қайыр берсін дейміз де азға-Хұда.
Ұмтылмас өлгенше, өмірімнің,
Өзіңмен өткен қысы, жаздары да.
Естен шықпас күлкің де, мейірің де,
Жүрер барлық балаңның зейінің де.
Жүрегіңнен бөлініп түсе қалған,
Жан Анашым, қалдырдың мені кімге?
Сөнгеніне сенбестен асыл ғұмыр,
Жүрек тулап, өкініш тасиды құр.
Бейсенбіде дуа оқып келіп тұрмын,
Құт-берекем, көтерші басыңды бір.
Сен мені жылады деп қиналмашы,
Бас иіп өміріңнің тұр жалғасы.
Төгілсін, төгілсінші топырағыңа,
Жүрегімнің көзіме сыйған жасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу