Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  261


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Тауқыметін салатын басқа бірде...

Тауқыметін салатын басқа бірде,
Не айтамын мелшиген қабірге.
Бауыры суық қара жер ұмыттырып
Айналдың ба адамға басқа мүлде.
Жоқ анашым, сен емес, мен басқамын,
Бұрынғыдай білемін болмас халім.
Енді сені орныңан тұрғыза алмас,
Еділ –Жайық егілген көз жастарым.
Өмірден бізді туған ана кетті,
Сөндіріп мың үмітті ала кетті.
Өшіріп мың арманды жəне кетті,
Асқар тау, асыл бұлақ -пана кетті.
Тағыда мұңайтам деп жылдар əлі,
Қабағын қатал түйіп бір қарады.
От түсті өзегіме өкініштен,
Көзімнен аққан жасым құрғамады.
«Ертең-ақ қар басады гүл даланы,
Тақырда тақырлығын бұлдар əлі.
Ашты-тоқ, қайғы - шаттық тірлік көші,
Жылжиды бұл өлімнен кім қалады?»
Дейді жел, бəйіт айтып тербеп талды,
Анашым бір төмпешік -жер боп қалды.
Өзім де бала едім, байсал тарттым,
Шаш түсіп, əжім жүзге өрнек салды:..
Жоқ! Тірлік тоқтайды деп шошыныппын,
Тіршілік тоқтамайды осыны ұқтым,
Өмірге сəби келді-Адам келді!
Ай толды күн артынан қосылып күн.
Өмірден бізді туған ана кетті,
Сөндіріп мың үмітті ала кетті,
Өшкен арман қасынан үміт жағып,
Өмірге немересі-бала кепті...
Сапарға шығарымда қарасам-ақ.
Маңдайымнан сүйетін бала санап.
Мейірімі көл-дария меһрибаным


Ажалдан қала алмадым арашалап.
Бір аунап сөне берді мына жалған,
Түн болды жарық таңым нұры ағарған.
Асылым, ақ сүт беріп əлпештеген,
Мен Сізді қаға алмадым, сұм ажалдан.
Ұқпадым тағдырымның амалдарын,
Бұзды ол төзімімнің қамалдарын.
Аузынан ажал деген айдаһардың,
Ақ құсым, Сізді алып қала алмадым.
Басталып жүре берді-ғұрпы мəлім,
Бұл өмір қайғысы көп, бұлты қалың.
Ал аспан: «анаң жоқ!» деп күркірейді,
«Сенбеймін! Сенбеймін!» деп шырқырадым.
Өлді Жүрек!
Талап бəрін Мұң,
Сөнді Көңіл.
Көзі ашық соқырмын.
Саған қимай кеткен сағаттарымның
Минутына зар боп жылап отырмын.
Жаңа берсе не қалады шақпақтан,
Өткеніңді қайтара алмас жас деген!
Кешір ана, сөздерімді қатты айтқан,
Тілім-мылқау, енді құлақ – тас керең.
О, бейбақ тіл!
Жылан тілім- кесілгір,
Сен тілдесең, одан бөлек жау аз ба?
Көр молаға көңіл айтқыш, кесір Жыр,
Қай бетіңмен төгілесің қағазға?!
Қайғы жайлы жыр жазуды доғаршы!
Қалам, қалам- қарақұстай айналмай.
...Жан жүрегім сусап өлген-Жолаушы,
Көңілім менің-суы кепкен қайнардай.
Сапары тəмəмдалып мəңгі біткен,
Талайлар алып жатқан мəңгілік дем.
Қараойда дуа оқып қабіріңе,
Кетіп барам өзіңді қалдырып мен.
Сен енді басқалармен сапарлассың.
Мəңгілік рухтармен қатарластың.
Енді қайтіп ашылмас сарайыңның,
Есігін қағуға да бата алмаспын.
Арылып ащы арман, сан күдіктен,
Сен енді сырлас болдың мəңгілікпен
Қарайлап кетіп барам, жан анашым,
Қараойда бір өзіңді қалдырып мен.
Бұл қалыс, бөтен қалыс, басқа қалыс,
Жер суық, дала сұсты, аспан алыс


Ақыры, қара жерді жастанамыз,
Жер-сарай, қабір-бесік баспанамыз.
Қатты айтқан кездерімді кешір, Анам,
Өмірдің ұнар сенсіз несі маған?!
...Өзіңді ойлап өмірді есіме алам,
Өмірді ойлап өзіңді есіме алам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу