Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  106


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Мен тоңғанмын Анам қайтқалы...

Мен тоңғанмын Анам қайтқалы,
Бүгін сезіндім сəуір самалын.
Мені жұбатты гүлдер бақтағы,
Гүлдей еді ғой нұрлы жамалың.
Білем бəрін де –бəрін түсінем,
Гүлдің төгіліп, жеміс берерін.
Көктем мен жаз да қайтып күшінен,
Білем, түсінем-қыстың келерін.
Білем, түсінем, сезем жаныммен,
Адам тым қысқа ғұмыр сүрерін.
Сен алысып жүрсең зарыңмен,
Кейбіреулердің қуанып, күлерін.
Тоңғам, тоңғанмын, əбден тоңғанмын,
Шолақ, тым келте өмір сырынан.
Бірақ, есімді жиып болған күн,
Неге құладың өмір шыңынан?
Ана, анашым, жаным анашым,
Неге ертерек кеттің тірліктен.
Өз аралары танымағансын,
Бақта төгіліп жатыр гүл біткен.
Анашым жоқ қой, қайтейін бақты?!
Айтады жүрек-тіптен кеткенін.
Қайтейін, гүл емес мұң болып қайтты,
Қырық жыл қыстай күткен көктемім.
Ауылдан, өткен талай бала жасым,
Барамын, жалғыз қайтып жан анашым.
Қабірің қарауытып қала берді,
Қайырылып қайта-қайта қарағасын.
Жол бойы, көше, үйлер-дара, бөтен,
Жазылмас жүректегі жараға тең.
Ауылымды өгей ұлдай жатырқадым,
Ауыл емес, мен сенің балаң екем.
Тас жолға айналған соң борпылдағы,
Қалды ауыл қайық құсап толқындағы.
Ішімде нала кетті, жара кетті,
Өзіңе кейін айтам ол туралы.
Ажал тұр, көзің жасын себеле деп,
Бақыттың орнын қайғы егелемек.
О кешір, ауыл сенен безінемін,
Анасыз ауыл маған неге керек?!
Тауаға да, тасқа көнген қара басым,
Асылық айтсам, менде-нала басым.
Адамның аз өмірі неге жетсін,
Жұлдыз емес-жылменен санағасын?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу