Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  151


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Ана деген -құдірет, ұлы екен ғой!

Ана деген-құдірет, ұлы екен ғой!
Мен оны қадірлемей жүр екем ғой.
Барлық жарық-қасыңда, оның күңгірт,
Нұр екен ғой, мейірімді күн екен ғой.
Ана деген-қуат-күш, əл екен ғой!
Ана деген-өмірдің бəрі екен ғой.
Басқа думан-өлең-жыр өз алдына,
Ана деген-бөлекше əн екен ғой.
Ана деген құдірет, ұлы екен ғой,
Қарапайым боп қана жүр екен ғой.
Балам, жарым татымас ширегіне,
Ана-алып асқар тау, ірі екен ғой.
Сол құдірет көкте емес жерде екен ғой.
Құрметтеуден, сыйлаудан кенде екен ғой.
Тірісінде Анасын сыйлаушы аз,
Адам деген əлжуаз пенде екен ғой...
Мұны маған кім айтты, кім ұқтырды!
Қақ маңдайдан сұм ажал ұрып тынды.
...Армансыз өлең айтып отыр едім.
Ақсиып сол сұм ажал күліп кірді...
Біз-төрде, ол-есікте тұр екен ғой,
Бұл ажал опасыз да, сұм екен ғой.
Тіршілік ағып жатқан су екен ғой,
Уайым іше берсең у екен ғой...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу