Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  123


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Қош анам

Қош Анам енді-ай, қош Анам,
Көңілімді қайтем босаған,
Шайқалып кетті-ау, шаңырақ,
Сықырлап кетті-ау босағам.
Бауыр-жүрегі кең анам!
Бағы мен соры тең анам!
Басымды иіп, жылаймын,
Есітермісің мені, анам!
Жұманың нұрлы таңында,
Жай тапты шыбын жаның да!
Болжауын Алла білді ғой,
Болсам да қанша жаныңда!
Үзілді жібі бос үміт,
Тізілді жасым жосылып.
Тоқтаған жүрек толқының,
Жүрегіме кеп қосылып.
Құдайым, пірім, жан Анам!
Құбылаға жүзің қараған!
Құрбаның болсам деуші едім.
Құр жылап қайдан таба алам?
Жанымда жоқсың-анығы!
Жүректе жүрек бар үні.
Жалт етіп сөнді бір сəтте,
Мен үшін - əлем жарығы!
Қош Анам енді-ай, қош Анам,
Қоштасып жатыр дос адам.
Көтеріп жерден алғанда,
Сықырлап кетті-ау босағам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу