Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  193


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Шекарадағы ерлік

I
Табиғат та тұрғандай мақтап ұлын,
Ұсынуда думанды топқа гүлін.
Бір топ жасты алаулы ақ нұрға орап,
Аттандырып əскерге жатты ауылың...
Ортасында солардың өр еңселі,
Аяулы дос, алдымен көрем сені.
Айтып жатыр ауылың: «Аман-есен
Қарсы алатын кез-дағы келер сені...»
Бір бақытын көргендей ту алыстан,
Анаң жүрді абдырап құрақ ұшқан.
Жаулығының ұшымен сүрте берді,
Ыстық жасты ыршыған қуаныштан.
Өмір, шіркін, сен қандай ғаламат ең!
Адам бар ма, əлемде Анаға тең?!
Дүниенің жинаса махаббатын,
Əлдиіндей ананың бола ма екен?
Əкең-дағы қуанып, анаң-дағы,
Ақ батасын жаудырды саған бəрі.
Шығарып сап сендерді жатыр бүгін,
Ақ пейілді ауылдың адамдары.
Інің қалды əрі – шат, əрі – мұңды,
Əлі жөнді сезбеген сағынуды.
Қош айтысып, жымиып кете бардың,
Сүйдің-дағы бетінен бауырыңды.
Дүрсілдеген кішкентай жүрегіңе
Туып-өскен сыйғызып ауылыңды...
Анаң, ағаң, əкең де бəрі асығып,
Дүрсілдетіп жүрегінжүрегін қимас үміт.
Сендер ұзап кеткенше нұрға сіңіп,
Қарап тұрды, қол бұлғап, қырға шығып.
II
Ауылдасты қуантып, Отандасты,
Сенен, міне, келіпті хат алғашқы:
«Қандай ыстық аяулы əке деген,
Ақ сүт берген ана ше мəпелеген.
Аманбысың, тете өскен інілерім,
Кеше ғана мені алға жетелеген.
Осы кезде ауылды ойлағанда
Ойға шомып ылғи да кете берем...
Сағынғанда болмашы əн де оралар,
Қайран күнде, өзенге, жарға барар.
Жардан барып айдынға күмп еткенде,
Күлім қағып бақташы шал да қарар.
Бізді күтіп жүр ме екен, сағынумен «Партизан» боп ойнайтын мал қоралар.
Қайран күндер, қыратқа малға барар...
Беу, балалық, қазірше арман – олар...
Борышты өтеп ауылға барып, əлгі
Шағыл құмға кез келер аунап алар...
Беу, балалық, күндерім алаңғасар,
Кешке дейін доп қуып алаңда шаң...
Шикі алманы ұрласақ қуалайтын
Ауылдағы қарауыл аман ба шал?
Жайқалумен қырлардың гүлдері əлі!
Думан шығар мектептің күнде алаңы,
Ауылдағы кішкентай інілерім,
Сабағына томпаңдап жүр ме барып?!
Денсаулығы мықты ма, ағам қалай?
Жүре берсін мен үшін алаңдамай,
Жаңалығын, хабарын жазып елдің,
Тұрыңыздар хат жолдап маған қарай.
Маған қымбат, тілеуқор адамдар-ай!
Жан анашым, қалған жоқ тоқтап балаң,
Алдыңа əлі-ақ борышты ақтап барам.
Қарғам келіп қалар деп май мен құртты
Сандығыңда жүрсің-ау, сақтап маған.
Таңым тыныш, алаулап батып күнім,
Жанарыма жалатар жақұт нұрын.
Мен күзетем Советтік шекараны,
Апатайым, сол үшін бақыттымын...»
III
Туған үйге хат келді – орнады бақ!
Қағазы мен қаламын қолдарына ап
Інілерің жүгірді, асыл Анаң,
Өз атынан былай деп жолдады хат:
«Сен Отанның, Шəкенжан, шебіндесің,
Белгілі ғой бір қадам шегінбесің.
Жауың мейлі, келсе де қару кезеп,
Білем сенің намысың жеңілмесін...
Қайсар ұлын Отанның қорқытпайды,
Қарсы келген қатыгез өлім-кесім...
Өйткені, сен Отанның шебіндесің.
Елің сенген өзіңсің талмас қыран,
Жеткіншектер дайын тұр алмастырар.
Борышыңды ақтай бер, əкелердің,
Ұрпағысың ерлігін жалғастырар...
Қарыс қадам батпасын, ақ жеріңе
Қан аңсаған, қанішер, албастылар.
Ондай шақта қолында сендей ердің,
Қанды қолды қиятын алмас тұрар!
Тыныштықтың эфирде тарап əні,
Соғылмасын соғыстың барабаны,
Бақыт сыйлап баршаға жатсын десең,
Балалардың бақшадан тарағаны,
Жарақат сап жүрекке кеткен күннің,
Айтылмасын десең сен қаралы əні.
Қаруыңды мықты ұста, қара, кəні!
Сен Отанның, Шəкенжан, шебіндесің,
Белгілі ғой бір қадам шегінбесің...
Қаруыңды қаттырақ ұста, балам,
Қасіреттен Аналар егілмесін...
Сəбилердің көз жасы төгілмесін...
Шəкенжан , сен Отанның шебіндесің!»
IV
Күн еді бұл ерекше, жайма-шуақ,
Аспан қарап тұрды көл-айнасын ап...
Шаттық толы жүрегін тыңдап тұрып,
Дейді Шəкен: «Япырау, қайда асығад».
Кенет оқтың дауысы шықты-дағы,
Тынышсыз боп кетті ғой тіпті маңы,
Ешкім де жоқ бірақ та келе қояр,
Жансыз жатыр жас жігіт бұқпадағы.
Сезді Шəкен сұмдық бір болған істі,
Көтермейді мұндай шақ толғанысты.
Шекараға хабарлап, машинаға,
Ұмтылды кеп жас жігіт өр, намысты.
Қайнаған қан кеудеге қосты үшті,
Жау кетпесін деген ой басты қысты.
Самолетті ұшырмақ болған жауға,
Бөгет болу үшін ол құстай ұшты.
Шығарды жау осы бір тұста да үкім,
«Жақсы болар – деді де – қысқа бітім»
Машинаның ішінен шыға берген,
Туралады Шəкенге пистолетін...


«Тоқтат, ана жауызды мынасынан,
Бетін қайтар былғаныш, кінəсінан,
Балалықтан арылған жоқ еді ғой,
Үзілмек пе шынымен бір асыл əн.
Тоқта деймін, қатқан жоқ қанаты əлі,
Жастығының атты ғой жаңа таңы.
Қайдасың сен, бармысың, жан достары,
Зұлым жаудың төксеңші қара қанын.
Қыршын кетіп қалмасын балапаным...»
Деді-дағы ақ жүрек Отан – Ана,
Ұмтылды алып Шəкенге алақанын...
Тарс етті оқ, япырай, атты-ай неғып,
Дүние шыр көбелек жатты айналып,
Жатты айналып, осы бір секундтарда,
Тəтті нəрсе өмірден жоқтай болып.
Ыршып түсті ыстық жас жанарынан.
Дəл өзіне атылған оқтай болып...


«Неге жатыр көзімнен жасым ағып,
Ауыр тартып барады басым неғып?»
Кеудесінен жатқандай алып өзен,
Жастық əні болып бір тасып ағып.
Езу тартты жай ғана Шəкен сонда,
Анасы мен сүйгенін есіне алып...
Жазды бəрін командир хатқа батыл:
«Шəкен өлді қолға ұстап автоматын,
Ертеңгі ұрпақ айтады жатқа атын,
Комсомолдық билетке қойдық жазып,
Қойдық жазып ерлігін, сақтап атын.
Мақтан етіп, Шəкендей досымызды
Əнімізге жүрерміз қосып ізгі...
Жақсылыққа жүрегі құштар еді
Қатыгез жау он тоғыз жасын үзді...» V
Көре алмадым мен сені өкінемін,
Өкінем де ерлікке бекінемін...
Қара жерге қан дағын жұғып қалған,
Қасиетті өлеңмен кетіремін.
... Сен кеткелі өтіпті қаншама жыл,
Сен кеткелі бүр жарды қаншама гүл.
Сен кеткелі кеше өзің асыр салған,
Қызғалдағын сыйлады, қаншама қыр.
Қайтем, алдан тумаса айың күле,
Бермейді ешкім мұның да жайын біле.
Сен кеткенде туылған жас сəбилер,
Шекараны қорғауға дайын міне!
Сенсіз еңсе көтерді қаншама үйлер,
Сенсіз досым тартылды қанша күйлер.
Сенсіз бəрі, кешегі құрдастарың,
Сəби ертіп шығады қаншама үйден.
Көбелекті қуалап жарыспаған,
Əзер-əзер жасайтын қарыс қадам.
Бір кішкентай сəбиден шар ұстаған,
- Қалқам, атың кім? – деп мен сұрап едім,
- Шəкен, - деді жаңағы «таныс» маған.
Тұра алмадым шабытты шайқамай тым,
Өте алады мұндайды байқамай кім...
Мен қуандым Шəкендер көп өмірде,
Ерлігіңді еселеп қайталайтын!
Ие, солай Шəкендер жатыр өсіп,
... Адам атты ұрпаққа саты қосып.
Сенің жасың – он тоғыз – ерлік жасың,
Он тоғыз – Александр Матросов...
Сен жайлы жыр қозғадым, кешір мені.
Елмен бірге – ерлер көп есімдері,
Жылдар өтіп барады, жер бетінен,
Ұрпақ сенің атыңды өшірмейді,
Жауға сенің кегіңді кетірмейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу