Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  119


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Шардара

Ендірер қызғалдақтай құм шырайын,
Əкеліп асыл дария, сыршыл ағын.
Жантайып киіз үйде жатқан бабам,
Сезбеді-ау жамбасынан су шығарын.
Көшті бабам, ол нені аңсамады,
Жібермеді туған жер, ел самалы.
Сенбеді, құмға тұтас су толы деп,
Шеген сап, құмдық қазып көрсе-дағы.
Киімдей көз құртын жеп киілмеген,
Жемістей – жеткізбеген иілмеген.
Құдықты қырық құлаш əзер қазып,
Бұл құмнан тамшы сұрар қиын деген.
Күсті қол, қатқан табан көнтерілі,
Бірі – кеш, кетіп жатты, ерте бірі.
Көретін күн болар ма, дескен олар,
Құм дала дария болар ертегіні.
Көрмеді, көрді бірақ, немересі,
Шардара су қоймасы деген осы!
... Екі жас қайық айдап келе жатыр,
Балыққа шыпа толып кенересі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу