Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  431


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Сексен жеті

Күйге бөлеп кешімді,
Курант соқты астана...
Сексен жеті есімде
Келді өмірге жас бала.
Жарық жырын, күн нұрын
Келген шығар сағынып.
Жаңа жылдың кіндігін
Кесті халық жабылып.
Сәбиді әркім мақтайды,
Көп бөгелер уақыт жоқ.
Содан кейін ат қойды,
Қойды біреу Бақыт деп.
Жарқылдап жан шоқтары
Жаңа жылдың кешінде,
Енді бірі тоқтады
Еңбек деген есімге.
Деді біреу: «Қашанда
Әділірек болайық.
Адал болсын Отанға,
Адалдық деп қояйық !»
Құптар да едік осыны,
Ортаға бір ер шығып:
«Бұл сәбидің есімі
Болсын -деді, Молшылық!»
Жүзіп көңіл хоштықта,
Айтты Ырысқұт шешімін:
«Не жетеді достыққа,
Достық дейік есімін.»
Жыр ұшты ақын жүректен:
«Мақсат айқын, ой анық –
Адамзаттық тілекпен
Тыныштық деп қоялық!»
Сөз алды тың ерені
Егінжайда қолбастар:
«Бәрінен де керегі –
Бейбітшілік, жолдастар!»
Жаңа жылдың есімін,
Қойды ақыры Жеңісбек:
«Бәрі болсын осының,
Болмасын -деп, соғыс тек!»
Қала менен даланы
Аралауды ән билеп.
Жатырмыз жас баланы
Жөргегінде әлдилеп.
Бүкіл елдің көзінше
Секунд сайын ер жетіп,
Ән салады өзінше,
Жұмыр жерді тербетіп.
Жатыр халық мақұлдап,
Естіп оның дабылын.
Сөйлеп берді тақылдап
Жаңа туған Алыбың.
Енді оны балаймыз
Арманына халықтың.
Үмітпенен қараймыз
Адымына Алыптың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу