Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  98


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Ақан серінің Қараторғайының өлімі

Қараторғай қартайып жасы жеткен,
«Айрылдым деп қырандық қасиеттен»,
Алғаны үшін ақынға масыл болып
Азап шекті іштегі қасіреттен.
Қартайды ол,
Аң қағып,
Құс алмайды,
Қасқыр түгіл қарсаққа түсе алмайды.
Қанатымен ұшса да
Құйрығымен
Қона алмайды, сондықтан ұша алмайды.
Жанары да жасаурап жасын отты,
Әлсіз-әлсіз сәулелер шашыратты.
Қыранының қиналған түрі жаман –
Ақанның да жанына осы батты.
Қысқа, мүмкін,
Көп, мүмкін, ғұмыр, күні,
Желпілдейді тірліктің туырлығы.
Бірін-бірі қинайды екі зарлық,
Екі мұңлық қимайды бірін-бірі.
Қыран құсты қайғысы жалап іштей,
Ұшпағаны түңілтіп жаман істей,
Алдындағы етті де тарпып тастап,
Қойды тіпті бір күні тамақ ішпей.
Қос қанаттың қадірін білер ме еді,
Көк төсінде бір дәурен сүрер ме еді.
Қанаттарын соққылап,
Көзі оттай боп
Саңқ-саңқ етіп иесіне «жібер» деді.
«Артық еді пендеден қара басың,
Енді, мейлі, көз жасым домаласын.
Қиналғанмен, қайтейін,
Қош бол, досым»,-
Деді де Ақан сыпырды томағасын.
Қараторғай тұғырды тастады да,
Қайқаң етіп атылды аспанына.
Көзі оттай боп,
Зуылдап Бурабайдың
Төбесінен қарайды тастарына.
Күн нұрымен астасып шарқ ұрғаны,
Көз ұшында сонан соң жалтылдады.
«Кішкентайдан бірге өскен» Ақанына
Жас кезіндей соңғы рет саңқылдады.
Кәрі қыран, шаршаған, амалдайды,
Шарасы жоқ,
Еш айла таба алмайды.
Қанаты бар,
Қаншама қартайса да,
Құйрығы жоқ, арман-ай, қона алмайды.
Шыныменен қыранның сасқаны ма,
Енді аспанның өзін де тастады да,
Иесіне соңғы рет саңқ етті де
Бурабайдың шүйілді тастарына.
Бірі жерде, бірі көк күмбезінде,
Сәті кеткен сәскенің бір кезінде,
Құлап бара жатты Ақан,
Тек есінде
Ноқат қалды кішкентай күн көзінде.
«Қараторғай келеді қанат қағып,
Қанатының астына маржан тағып.
Кішкентайдан бірге өскен сәулем едің,
Қапылыста айрылдым сенен нағып....»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу