Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  105


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Қадірменді, Жер-Ана,

Қадірменді, Жер-Ана,
Қасиетті,
Әлі көріп келесің қасіретті,
Соғыс болып,
Аштық боп құйрығымен,
Сені талай айдаһар осып өтті.
Келбетіңде тұр әлі масқара дақ,
Саған келіп тығылды қашқан азап.
Мыңдаған жыл беліңді екі бүктеп,
Қорғанымен қытайлар тастады орап.
Өміріңде түспейді досқа нұры,
Қайғыменен туылған баста жыры.
Мелшиеді үн-түнсіз қарауытып,
Миллиондардың осы бір тас қабірі.
Секілді бір уақыттың жаңқалары,
Белі сынып,
Үзіліп қолқалары,
Өзің соның тұрғызған,
Жатыр онда,
Қанша миллион жандардың қаңқалары.
Ол өңірдің қайғылы шырпы тасы,
Онда өмірдің жерленген бір тұтасы.
Ғұндарменен қытайдың мыңдаған жыл,
Соғысының тарихи құлыптасы.
Мұраттары сол боп па бар аңсаған,
Сол тарихқа жоқ менің қарар шамам.
Мыңдаған жыл қырқысып,
Қан шеңгелдеп,
О, Жер-Ана таласқан олар саған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу