Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  109


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Кедергі, қиындықтар

Сүйемін мен өмірді,
Сүйем құлап,
Өмірді сүйгендіктен күлем-жылап.
Тыңдасын,
Тыңдамасын өмір мені,
Мен оның әр сөзіне түрем құлақ.
Боласың сын кезеңде ақылға зар,
Өмірде жақының бар,
Жатың да бар.
Қайсыбір пенделердің қылығы үшін
Тірлікте ренжуге қақың да бар.
Жолыңды торуылдап құйын – бұлттар,
Өмірге сүйіндік сәл,
Күйіндік сәл.
«Жеңіп ал мықты болсаң», – дегендей-ақ,
Алдыңнан кездеседі қиындықтар.
Тұзағын құрып қойып ізіңе бір,
Сынайды ақылыңды –
Қызық өмір.
Біресе сұрландырып,
Мұңдандырып,
Біресе жүгіреді жүзіңе нұр.
Ақиқат –
Сонысымен қымбат өмір,
Тыңдай біл,
Өмірге де тіл қата біл.
Салбырап айтқанына жүре бермей,
Өмірге өзіңді де тыңдата жүр.
Мейлі сен күйін, жаным,
Сүйін, гүлім,
Артса да арқама әкеп дүйім жүгін –
Өмірді сүйемін мен еш күдіксіз.
Бастысы – жеңу үшін қиындығын!
Ұшырып аспаныма өлең құсын,
Сынаймын мен оның да ерен күшін.
Сондықтан өмір сүрем
Бұзу үшін
Уақыттың жасап қойған кедергісін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу