Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  156


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Күресем бойымдағы кемшілікпен

Мен қанша өмір сүрем жер үстінде?
Нақты оны айта алмайды неге ешкім де?
Алғысын адамдардың ала жүріп,
Отына күйіппін-ау сөгістің де.
Мен жайлы өткен күнім айта алады,
Бір солып,
Өмір бірде жайқалады.
Сөгісің ғұмырыңды кесіп тастап,
Алғысың қайта өзіңе қайтарады.
Сондықтан шамам келсе, болып адал,
Жинаймын жақсылықтан жаныма нәр.
У беру ойымда жоқ қасыма да,
Досымның қоса аламын дәміне бал.
Қызғанбан кетсе біреу озып менен...
Осылай өмірімді созып келем.
Кездесем әлі талай қуанышпен,
Кезігем қиындықпен кезікпеген.
Бәрін де көріп,
Білсем деп ойлаймын,
Шаттықтан,
Мұңнан да сырт қала алмаймын.
Кесірім жанға тиіп кетпесін деп,
Әр адым,
Әр ісімді абайлаймын.
Тіреспей,
Қалай ғана кетем сынып?
Қатеммен күресемін бекем шығып.
Сүттен ақ,
Судан таза менмін деуім,
Әрине,
Бекерден де бекершілік.
Осылай
Кемшілікпен бойымдағы
Күреске өзімді-өзім дайындадым.
Кейде дәл шықпай жатты,
Ол да шындық,
Жаман мен жақсылықты айырғаным.
Кейде шын қай тұтқадан ұстарыңды
Білмейсің
Өлгеніңді,
Ұшқаныңды.
Жақсылар кешіріп жүр
Қателікпен
Жамандық жаққа бұрған тұстарымды.
Осылай өмір жатыр алға ұмтылып,
Өсуге ұмтылғандай әрбір шыбық.
Дұрысын,
Не бұрысын дәл баса алмай,
Кейде бір әрі-сәрі қалдым тұрып.
Иә, өмір кейде адамға өз дегенін
Істейді,
Беріп тұрып өз берерін.
Уақыт көнбесіңе қарамайды,
Жыл сайын есейемін,
Өзгеремін.
Көрерім көргенімнен көп басымда,
Қалтама салып жүрген жоқ тасым да.
Бойдағы кемшілік пен міннен басқа,
Білемін,
Жоқ дұшпаным,
Жоқ қасым да.
Өйткені бұл сезімім
Айдан анық
Жанымды,
Жүрегімді жайлап алып,
Тым адал ақ көңілімді аңқылдаған
Жүреді кейбіреулер пайдаланап.
Досыма шашылады молшылығым,
Жалғансыз жан даусыма сенші, гүлім.
Бір мінім –
Сенем кейде өтірікке,
Ешкімнің көңілін жықпау –
Кемшілігім.
Менің де болу керек бір есебім,
Бар және қарсы тұрып тіресермін.
Жамандық атаулыны жеңу үшін
Өзімнің мінімменен күресемін.
Осылай ұзартармын мен өмірді,
Осылай алам және керегімді.
Осылай жобалаймын биігімді,
Осылай өлшеймін мен тереңімді,
Кемшілік әлсіздікке сүйенеді,
Кемшілік иесімен жиі өледі.
Күресем мен өзімнің міндеріммен,
Өзімнің дұшпаным деп білем оны.
Ағызып аярға ұқсап көз жасыңды,
Тоздырып тым ертерек тозбасыңды,
Өкініш айбалтасын жалт еткізіп,
Кеседі кемшілігің өз басыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу