Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  85


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Өтті жылдар...

Өтті жылдар,
Есейді жас біразға,
Самайға да ақ тал түсті, бұл аз ба?
Бірте-бірте салқын тартып неге біз,
Сабырлырақ бола түсіп келеміз?
Дәл осы бір сабырлылық
Шын маған
Ұнамайды,
Осыны ойлап мұңданам.
Қайда менің жиырма бесім.
Жастығым,
Өзімнің бір
Өз буыма мастығым?!
Сондағы бір лапылдаған жалынмен,
Сүюші едім достарымның бәрін мен.
Сұлулардың қысып қыпша белінен,
Билерге де түскем
Жастық желімен.
Енді оны айтпадың не,
Айттың не,
Тасуыңнан
Теңізге ұқсап қайттың де.
Сол бір қызды ішім менің біледі,
Мен дегенде
Ыстық еді жүрегі.
Тықыршыған жарыс тілеп,
Дүбірлеп,
Албырт дәурен,
Кеше бар да, бүгін жоқ.
Ерке күндер
Елегізген құлындай
Кісінейді
Еріндері дірілдеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу