Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  100


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Қаламыммен сырласу

Тарт, қаламым, озбай тұрып қатарың,
Жолың ұзақ, сәтті болсын сапарың.
Теп сырғанақ, ақ қағаздың бетіне,
Асығам деп түсіп кетпе шетіне.
Сонда ғана жүйріксің сен, жүгірсең,
Керегің жоқ, тоқтап қалсаң, кідірсең.
Жетіп қалсаң жиегіне асыға,
Қайта орал ақ парақтың басына.
Жүгір, жүгір бір тоқтама, шаршама,
Не боп қалды шаршайтындай соншама.
Не боп қалды, қыбырлайсың неге әрең?
Қалам болсам өзім жаза берер ем.
Болдырғанды неге осы қоймайсың,
Сен жазғанмен мен ғой оны ойлайтын.
Осы кезге дейін қанша жол жүрдің,
Өле-өлгенше сеніменен мен бірмін.
Төте жолды, оңай жолды таңдама:
Жерді айналып шыға алмайсың сонда да.
Әлі талай жерлерің бар баратын,
Әлі талай қамалың бар алатын.
Жүгір, жүгір, шарша, шарша, шалқарым,
Шаршамаған кездеріңнен қорқамын.
Көлікпенен жарыс дегем жоқ саған,
Бәрін менен көресің бе? Мәссаған.
О, не десең бұ де мейлің, киелім,
Ирек-ирек іздеріңді сүйемін.
Қаншама жыл ақ қағазды теңбіл қып,
Қаншама «мың шақырым жол жүрдік.
Ешқашан да тілемеймін өз басым,
Құдай біздің жұбымызды жазбасын.
Бір күн біреу ертіп кетсе мені егер,
Сені өзіммен ала кетем сене бер.
Дәл алдыңа жайып қойдым ақ айдын,
Сонда коньки тепкеніңді қалаймын.
Егер сақтап қалғың келсе досыңды,
Ортақтасып ауырт сен де басыңды.
Егер мені сүйген болсаң шынымен,
Ұйқы көрмей жұмыс істе түнімен.
Шаршау саған жараспайды, жарқыным,
Шаршадың ба жата қал да ал тыным.
Еш дем алмай жаза беру шарт емес,
Бірақ орның тартпа емес, қалта емес.
Жүгіре бер, осы тып-тың қалпыңда,
Бырдай-бырдай өлең қалсын артыңда.
Әр жолдардың бытырамай бас құрап,
Көп сөйлемей ойлағаны жақсырақ.
Уысыңда ұста ойдың арнасын,
Жолдарыңды бос сөз басып қалмасын.
Ең бірінші ойланып ал жақсылап,
Содан кейін жүгіре бер шапқылап.
Не істесең де ұсталасың соңыра,
Бос сөздерді шашып кетпе соңыңа.
Дарытпаймын десең соққы денеңе,
Ой мен тілді биік көтер төбеңе.
Тартам десең алыс пенен жақынды,
Болу керек шыншыл, әрі ақылды.
Алмасаң да даналығын бабаңның,
Ұрпағысың Абайдың қаламының.
Сондықтан да ойың мен отың да бар
Мықты болсаң, ал, мықты ақынға бар.
Ұшам дейсің, білемін, ұшпасыңды,
Ал, тауып ал менен де мықты ақынды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу