Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  107


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Ақындардың байлығы

Ақындардың байлығы бар
Бағасыз
Сыйласа егер ырзалықпен аласыз.
Шақырса ақын көңілімен ақ жарқын
Ол тілегін қабылдайсыз,
Барасыз.
Ақындардың байлығы бар тамаша,
Сізді де ол бір сылайды,
Қаласа.
Жалғыз сәтке қала алсаңыз онымен
Бақытқа бір бөленесіз балаша.
Ақындардың көңіліне тоймайсыз,
Қызығы мен сеніміне бойлайсыз.
Оның барлық байлығына құмартып,
Ақынға жар болсам ғой деп ойлайсыз.
Мынау дала,
Орман, суы,
Жал-құмы,
Өзен-көлі,
Таулары мен шалғыны,
Ағаштары,
Құстары мен гүлдері
Ақындардың иелігінде барлығы.
Төбеңізде тұнып тұрған көк аспан,
Биік шыңдар көк аспанмен таласқан,
Ақындардың иелігінде барлығы
Тіпті анау бұлттары да адасқан.
Айналадан не түссе де көзіңе,
Бәрі кірген ақындардың сөзіне
Көктемдерге ғашықсың сен ес-түссіз
Ақындікі сол көктемнің өзі де.
Хафиз құсап жеті бірдей қаланы
Байлығымен мынау дархан даланы
Көңілі бір түскен кезде
Кімге де
Ақын ғана сыйлап бере алады.
Керек болса көк аспанның айдыны,
Жұлдыздары,
Жарқыраған ай, күні.
Не нәрсе бар қалып қойған айтылмай
Соның бәрі ақындардың байлығы.
Бұл байлыққа сен де есіңнен танасың,
Сыйласа ақын сен соларды аласың
Көзің тоймай алып-алып болған соң
Сен өзің де ақындікі боласың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу