Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  98


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Поэзия байрағы

Поэзия байрағы желбіреген,
Құламайтын мәңгілік ол бір өлең.
Құлады деп кім айтты?
Ал ақынды
Кімнің аузы жыбырлап,
Өлді деген?
Ақын тірі.
Талант бар.
Дарын аман,
Айтып көрші сөзіңді кәні, жаман,
Сырағаңмен сәт сайын құшақтасып,
Әр күн сайын Қасымның қолын алам.
Жұбан ағам өлеңді атойлатқан,
Жамандықтың аулына ат ойнатқан.
Қазақ едім «мың өліп, мың тірілген»
Келмес деймін енді жау жат аймақтан.
Өлді дейсің бауырым, неге өлеңді?
Бір көрейін мен сені жебегенді.
Кеше ғана көрдім Медеу жақтан
Мұқағали,
Жұмекең,
Төлегенді.
Бір шөлі бар еді ғой қаталатқан,
Кепті ме әлде аңқасы сахарақтан.
Сағат он бір кезінде сәлемдескем,
Келе жатқан Ғафекең көше жақтан...
Поэзия байрағы желбіреген,
Құламайтын мәңгілік ол бір өлең.
Құлады деп кім айтты?
Ал ақынды
Кімнің аузы жыбырлап,
Өлді деген?
Жығылмайды рухымыз қалайда да,
Жырсыз, нұрсыз жасайды қалай дала?
Тоқсан бесте жоғары төрлетіңіз
Ассаламағалейкум,
Абай баба!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу