Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  108


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Сен – анасың...

Сен – анасың,
Анаша қуанасың,
Қанағат пен бақытқа жұбанасың.
Алабүлік еркекті адам етіп,
Ақылдыдан данышпан шығарасың.
Солай болған,
Сен солай бола аласың,
Күн нұрынан өйткені нәр аласың.
Ана деген ардақты атыңменен
Әйел деген әдемі қара басың.
Өзіңменен шуақты,
Саялы өңір,
Өзіңменен өркенін жаяды өмір...
Мен әлемнің көремін болашағын
Көрген кезде
Әйелді аяғы ауыр.
Ғажайып бір бақыт бар жанарыңда,
Айдың аппақ нұры бар жамалыңда.
Әйелдің де әйелі осы дейсің,
Осы дейсің анасы ананың да.
Осы сәтте ғұмырлы ол ғұмырлыдан,
Оны қалай басқаша ұғындырам –
Бұрынғыдан екі есе ақылды ол,
Сұлу және екі есе бұрынғыдан.
Жаңаша бір мен соны етемін жыр,
Шалқимын да,
Шабытпен кетемін бір.
Өйткені ол әлемнің болашағын –
Өзі секілді адамды көтеріп жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу