Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  89


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Қалай сені әйел деп кемсінемін...

Қалай сені әйел деп кемсінемін,
Құшағыма, қымбаттым, енші менің.
Балаларың сүйеді анамыз деп,
Анасы деп солардың
Мен сүйемін.
Бар жақсыны тілейміз өзіңе біз,
Сен болмасаң,
Үйден де безінеміз.
Сырқаттанып қалсаң-ақ,
Үрпиісіп,
Жер бетінің жетімі сезінеміз.
Бүтін етіп кетік пен кемімізге,
Сүйеніш қып жаратқан сені бізге.
Сенсіз,
Сен жоқ сәттерде қараң қалып,
Өз үйіміз үй емес өзімізге.
Әйел деген затың да,
Атың да әсем,
Қонған күннен бақ болып басыма сен –
Тіршілігі маздаған дүниеде
Үйіміздің ошағы,
Оты да сен.
Шарықтатып қуаныш әнімізді,
Сен жайнаттың жайдарман сәнімізді.
Үлкенміз бір үйдің,
Кішісіміз –
Тәрбиелеп келесің бәрімізді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу