Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  105


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Өзіңе-өзің сенесің...

Өзіңе-өзің сенесің,
Кемсінбейсің,
Жұрт жүзіме үңілсін,
Көрсін дейсің.
Кереметсің,
Жап-жассың,
Пәксің әлі
Адам-ау деп бір жанды менсінбейсің.
Ұзамапты басыңнан балалық шақ.
Кей қылығың қызға шын қалады ұқсап.
Еңсеңменен жүресің езіп жұртты,
Өзіңді-өзің шырқатып жоғары ұстап.
Ықпайсың да,
Еш жаннан ығыспайсың.
Жоламайсың,
Ешкімге жұғыспайсың.
Өзіңе-өзің сенесің, биікпін деп
Денеңді де шынардай тік ұстайсың.
Көктен жерге топ етіп түскен айсың,
Сәл басқаша өзіңді ұстамайсың.
Ұқсамайды ешқандай ару саған,
Сен ешқандай сұлуға ұқсамайсың.
Мен өзімді кемітпен,
Азаптаман,
Құлазиды құландай жаз өтсе адам.
Шын сүюді түсініп білу үшін
Қателесу бір рет қажет саған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу