Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  110


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Көктем қуанышы...

Келеді көктем, төгеді нұрын шығыстан,
Кетеді ызғар зымырап қашып зымыстан.
Жабағы жүнін жаңбырға жуып жапан түз
Жазады жайып, жап-жалпақ жонын құрысқан.
Келеді көктем шұғылалы таңнан нұр ұрлап,
Жетеді самал жүгіріп, есіп, зырылдап.
Сәмбі талдарын, ақ қайыңдарын бұралтып,
Талайдан бергі шертеді жырын, сырын бақ.
Әуенін құстар сыңсытып салып, сұңқылдап,
Қанаты талмай ауаны кесіп, сымпылдап.
Ашуы келіп, азуын керіп атылып
Ағады сулар дөңбекшіп, тасып, бұрқылдап.
Көзімен көрер көктемді тағы тірілер,
Көрдім бе деген көздері көкке сүрінер.
Бусанып буы, бұрқанып суы бұлақтар
Далаға қарай ағынын алып жүгірер.
Өлмегендерге өлі бір балық сияқты,
Шатырдан құлап, қабырғалармен су ақты.
Қарт әже күліп немересіне қарайды
Алақанына ойнатып тұрған шуақты.
Аспанның төсін найзағай тіліп тастаған,
Оғынан жәйдің барады безіп қашқан аң.
О, бәрекелді, танымай қалып көктемді
Өзімнен өзім мен не деп кеттім, мәссаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу