Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  115


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Ойнақтап осы аймақта...

Ойнақтап осы аймақта,
Еркелеп жүрген елігім.
Жоғалып кеттің қай жаққа,
Үркітті екен сені кім?
Көзімнен ұштың көрінбей,
Көкала мұнар ішінде,
Жүресің анық өңімдей,
Буалдыр тартқан түсімде.
Сені іздеп қырда сабылдым,
Даланы дабыл қақтырып.
Төбемнен төніп шағыр күн,
Жолыма нұрын лақтырып.
Сағым боп неге алдайсың,
Қалтырап қашып қырменен.
Бәрібір ұзай алмайсың,
Соңына түсем, бірге өлем.
Таңба түскен бір жара,
Барасың қайда, байтақ ән?
Жоғалармысың бір жола,
Оралармысың қайтадан?
Жырларым, айтшы анықтап,
Алыс па өлкең, жақын ба?
Барасың ба әлде қалықтап,
Менен де мықты ақынға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу