Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  101


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Тау мен дала өзені

Жастық –
Таудың күркіреген өзені,
Ағынменен арын толы өзегі.
Жақсыны да
Жаманды да тап басып,
Ет жүрегің алдын ала сезеді.
Сол бір өзен аласұрған сезімге,
Ілестіріп өзгені де,
Өзін де
Жараланып,
Тастан тасқа соғылып,
Алға ғана асығады кезінде.
Қызбалықпен өзін өзі соққылап,
Көкірегіне найзағайдан от құлап,
Буырқанған шақтарында
Алдына
Құлайды екен
Баурайдағы көк құрақ.
Бір толқындар бәрін бастан өткеріп,
Жапырылып,
Жараланып,
Кептеліп,
Жолындағы қойтастармен соғысып,
Ақырында быт-шыт болып,
Кетті өліп...
Сонда да өзен,
Бір алқынбай,
Шаршамай,
Тентектіктен басқа нәрсе аңсамай,
Тасып-тасып...
Байсалды һәм ақылды
Даласына жетеді екен ол солай.
Өмір – асу,
Өмір – дала кезеңі,
Келер күнді жүрек ерте сезеді.
Аласұрған тау өзені – жастық та,
Ал қарттығың – ойлы дала өзені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу