Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  197


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Домбыра туралы баллада

Көзі еді,
Нағашымның,
Ескінің,
Шертілгенде
Зарлап шегі ешкінің
Томарынан таудың ойып жасалған,
Домбыраның үнін талай естідім.
Бес жастамын,
Менің деген бал шағым,
Әнге жиі ауатын-ды аңсарым,
Қыстыгүні қыстау үйде тыңдалық
Домбыраны жалынында аршаның.
Сөйлеуші еді,
Ащы тілін безеп бір,
Со бір күйлер ойлы және өжет тым.
Қоңыр күзде,
Кигіз үйде тыңдадық.
Домбыраны қызуымен тезектің.
Ортада ошақ,
Түңіліктен күй ұшып,
Дөңгеленіп,
От маңына сыйысып.
Бұйра әуенді тыңдайтынбыз бұлқынған,
Бәрімізде бұйраланып,
Ұйысып.
Қандай жақсы!
Со бір күз бен со бір күй!
Маздап жанған тобылғы мен қоңыр қи.
Домбыра үні құйқылжыса,
Құйқылжып,
Төмендесе,
Төмендейтін көңіл-күй!
Солай ұшып,
Талай жерге күй кетті.
Солай елдің жан жүрегін билепті.
Ал нағашым сезіп кейін сырқатын
Домбырасын енді маған үйретті.
Бір күндері бұлт үйіріп күз келген,
Әркім кеткен бұлдыр-бұлдыр іздермен,
Домбырамен екеумізді қалдырып,
Нағашы әкем кете барды біздерден.
Бірі – бала,
Бірі – ағаш домбыра.
Қарсы алып бір келе жатқан таңды да,
Қалдық сөйтіп нағашымнан екеуміз
Өткен күннен қалды сөйтіп мол мұра.
Өстім мен де көкейімде ән-арман,
Өмір – жаңа, ән мен күй де жаңарған.
Жұрт көңілі өсіп берді биіктеп
Ел тұрмысы әлдеқашан оңалған.
Өмір өзі қолдан қоя салғандай,
Ауыл қандай!
Ауылдағы той қандай!
Өмірге бір жігіт келді деген соң,
Домбырамды берген едім ойланбай.
Күтпеп едім,
Жанарыма мұң құйды,
Күтпеп едім, жігерімді құм қылды.
Қуаныштың дәл үстінде мас біреу
Төбелесіп домбырамды сындырды.
Көзі еді,
Нағашымның,
Ескінің,
Шерткенінде зарлап шегі ешкінің.
Кетуші еді
Енді амалсыз айрылдым,
Енді амалсыз жыладым мен,
Өксідім.
Еркіне бір беріп жасын көзімнің,
Тыя алмадым,
Ағыл-тегіл сөгілдім.
Сонау жылы ашық ауыз бала едім
Нағашымның енді өлгенін сезіндім.
Көзі еді,
Нағашымның,
Ескінің,
Зарлаушы еді,
Тынбай шегі ешкінің
Үзілді ол.
Бірақ, бірақ сол күні
Іңгәлаған «жігіт» үнін естідім.
Мұңдансам да,
Үмітті үлкен көңілмен,
«Шықсын аты ұзап менің елімнен.
Бұл да ертеңнің домбырасы, тек енді
Осы сәби жігіт болсын», - дедім мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу