Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  115


Автор: Дәуітәлі Стамбекұлы

Қыр баласы

Мазасызбын.
Аңсады жаным қырды,
Сағындырды балалық шағым нұрлы.
Желіктірді жастығым аздап-аздап,
Бұраң-бұраң жолдармен сабылдырды,
Мазасызбын.
Аңсады жаным қырды.
Қала жақсы.
Көп онда қызықтар да,
Түзіктер де көп онда, бұзықтар да,
Қызығымен қаланың қалған, досым,
Туған жерден қолыңды үзіп қалма.
Сағындырды мені елдің өлке, белі,
Сері самалдары мен серке желі.
Шулы қала сау болғай,
Есен болғай,
Және оның тікбақай еркелері.
Жалғыз едім.
Қалайша аяна алам,
Жасы келген анама сая болам.
Тентектікті қоям да анашыма,
Келін бала – өзіме әйел алам.
Айғырменен содан соң дүркін ағып,
Аңдыздатып,
Ақпанның шырқын алып.
Арсылдаған арланы қыраттармен
Дауыл қуып кетемін жылқы бағып,
Айғырменен жұлдыздай дүркін ағып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу