Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  130


Автор: Ғалым Жайлыбай

Бip түп емен

Бұтақтары майысқан бip түп емен,
Ceнi көрсем безеді күлкі менен.
Мұңайтасың,
Сыбырлап сыр айтасың:
«тағдырымның жағасын жыртып өлем»
Қайыспайтын қайсарлық- бip түп емен.
Бip түп емен!
Сен осы білесің бе?
Қырқасында қыраттың гүл өсуде.
Қатарларың көп еді бой түзеген
Сонау жылы айналды күресінге,
Ажалдары— адамның үлесінде.
Жасыл қырдың тұрағың жартасында,
Басындырдың тағдырдың балтасын да.
Бip түп емен,
Шөңге боп қадалып тұр
Арқа-жарқа таулардың арқасында
Tipлiгiңнeн кейде осы қорқасың ба?
Бip түп емен, түсіңе мұң кipe ме,
Жылата ма немесе Kүлдipe ме?
Наурызда сары уыз жапырағың


Тірлікпенен
қауышып дүрліге ме?!
Сарғайыпсың жетпей ақcүмбілеге...
Бұтақтарың бүтіндей майысады,
Жанарыңның жаз туса жай ұшады.
Алмағайып бұл тірлік алмакезек
Өмір— өлім бойында сайысады.
Ceнi көрсем қабырғам қайысады.
Ей,адамдар!
Тағыны таласаң да,
Тектіліктің тәніне жара салма.
Бip түп емен!
Мен сені күтімі жоқ
Жетім қалған ұқсаттым
қара шалға,Мәуелім-ай, алдымда аласарма!
Бip түп емен!
Көрдің бе ашылды күн,
Жапырағың жаяды жасыл гүлін.
Өр тұлғаңмен көтеріп тұрғандайсың —
Сайқал өмip сыйлаған ғасыр жүгін,
Талақ етіп тағдырдың тасырлығын.
...Түсіме ендің сен тағы
бip түп емен.
Жаным жасып қалғандай нұр тілеген.
Жастығымнан басымды жұлып алдым —
Жамау болмай жүрекке — жыртық өлең!
Бір түп емен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу