Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  128


Автор: Ғалым Жайлыбай

Бәpi ағады...

Бәpi ағады,
Керуен күн ағады,
Қалың тұман жасырып мұнараны.
Тұңғиықтан Зәмзәм боп тұнады ел!,
Тасқайнардың мөлдіреп тұмалары.
Бұл фәнидің бітпейді сұраулары,
Қарт таулардың басынан күн аунады.
Мұңға малған күздегі көңілімді
Тырналардың тiзбeгi тыраулады.
Керзаманның желі де қатты еседі,
Басымыздан баянсыз бақ көшеді.
Бақ көшеді,
барыңды ап көшеді
Арман болып арудың ақ төсегі.
Бас қатады,
Өзіңді өзің білмей,
Сор айдаса солады сезім гүлдей.
Жазалайды талайлар жаныңды жеп
Мазалайды сан ойлар көз ілдірмей...
...Cepiк болса сенімің иманыңа,
Жаратқанның жарығын қиғаны да.
Ақ — қараның арасы ашыларда —
Бip қарармын дүние, дидарыңа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу