Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  203


Автор: Ғалым Жайлыбай

Қарашада қалмайды гүл ағашта...

Қарашада қалмайды гүл ағашта,
Мына дәурен тұрмайды мына баста.
Шыр айналып шылбыры
шыдам бітіп —
Жер тарпыды тағы да құла қасқа.
Алтын кipпiк арай күн,
арманым ең,
Тағдырым бар табысар таңдарымен.
Жауыздықпен шабысты жан-жүрегім —
Ауыздықпен алысты ардакүрең.
Тұлпарларым,
дүлдүлім,
арғымағым!
Мәңгі бағым...
таңдарды таңға ұрамын.
Шалдығамын көмбеден көре алмасам —
Зар қыламын айта алмай Ардың әнін.
Мұңайтады мына күн мұңлығыңды,
Жын-жыбырға түргізіп түндігімді.
«Елім-айды» ертемен eңipeтіп —
Сүргендеймін бұрын да бұл ғұмырды.
Безеріп бел,
Өкciп қыр,
Жылады ауыл,
жаратқанның ести ме құлағы ауыр.
Желбауымды желкелеп желпілдеткен —
Басқа дауыл бiлepiм мына дауыл.
Арманым-ай!
Алды-арты айран асыр,
жырларымды жолыңда пайдаға асыр.
Асылыма араша түсе алмаған —
Жайма базар секілді жайма ғасыр..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу