Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  108


Автор: Ғалым Жайлыбай

Қараөткелдің бауырында қалың шұбар...

Қараөткелдің бауырында қалың шұбар,
Басымдағы бұл-дағы бағым шығар,
Сағың сынар сәтке де
жаның шыдар.
Жалған — дүние жалт еткен сағым шығар,
«Қараөткелдің бауырында қалың шұбар».
Толғауымен тірліктің тоналды ай, жыл,
Бота болып боздады Боралдай — жыр,
Аққу-қазым айдынға оралмай жүр;
«...Талай қатын қазақта ұл туғанмен —
Бәрібір Иманжүсіп бола алмай жүр».
Жауын барын сезгесін,
дауыл барын,
Алашым деп аян ғой ауырғаным...
Сарыбелдің сарғайтпай сауырларын.
Бауыры бүтін елміз деп басын қосты —
Қараөткелдің бауырында...
бауырларым.
Шырайына нұр ойнап шығады күн,
Шұрайлысы-ай, сол маңның шұбарының,
Тұнығында тұнады тұма жырым.
Қарашаңырақ,
Қараөткел,
Қара қазан —
Қазақ үшін болғалы бір-ақ ұғым.
Өткен күннен айтады өлең дерек,
Өлең барда ойламан өлем бе деп.
Иман аға,
біз қашан төмендеп ек?
Көкмойынға үкілі көз сап тұрмын —
Мойнындағы тұмарын көрем бе деп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу