Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  120


Автор: Ғалым Жайлыбай

Ескі жұрт

Өзегімді өткен күн өртеді де,
Естелігім айналды ертегіге.
Туған үйдің жұртына келгенімде
Сағынышым шерлі әуен шертеді ме?..
Малы қайтар кешкілік өрістегі,
Базарлы еді балалық...
келісті еді.
Мен туған үй, дариға-ай,
«Жеңістегі» —
Арап қырдың етегі еңісте еді.
Өлең көріп өмірдің өркешінен,
Ескі жұртта еркіндеу ерке өсіп ем.
Әруақтардың мекені — қалың қорым
Үйіміздің қарайтын желкесінен.
Ән тербейтін әуені ағысқа ұнап,
Баласы да ол күннің намыстырақ...
Сарысудың өзені өмірлі еді —
Сарысудың жағасы қамыс, құрақ.
Шын болатын бәрі де
Жалған емес,
Көз алдыма келеді алуан елес.
...Бекболат дос ол кезде бастық емес —
Халиолла Әбенов палуан емес.
Тимеген кез тағдырдың ақ таяғы,
Тұлпар күннің тербеткен бапты аяңы.
...Қыдырбай да қыран боп самғамаған —
Молда бола қоймаған Мәктай әлі.
Орман ойға оралған отты өлеңі,
Бір әулеттің біз деген көк терегі.
Әкем салған төрт бөлме кішкене үйде —
Үлкен-үлкен армандар көктеп еді.
Әкең, балам, осы жер —
ержеткен жер,
Сезімінің селдірін селдеткен жер.
Ақ батасын атаның қабыл етіп —
Ақ тілеуін анамның тербеткен жер.
Сүрлеуімді осы жер — жол қылған жер,
Самал болып аймалар тоңдырған жел.
Ұландарын ұядан ұшырып сап —
Қырандарын қияға қондырған жер.
Күнге қарап ашылған есігі де,
Құтқана еді сай әке есіміне.
Ескі жұртты ескі үйдің орны деме —
Махаббат пен бірліктің бесігі де.
Ағайыны,
туысы,
дос өрісі,
Қуанышы,
Қызығы — осы ел іші.
Жатыр әкем бауырында Арап қырдың —
Туған жердің төскейі — төсеніші...
Тағдыр деген осы екен, осы жалған,
Қандай сыйын ұсынар тосып алдан.
Мен де сендей сонау жыл...
Шаңырағымыз —
«Қазынаның үйіне» көшіп алған.
Өткен күннің айналды бәрі аңызға,
Туған ауыл,
Ескі жұрт...
санамызда.
Айдын көлін аңсаған Аққулардай —
Келіп-кетіп жатамыз Анамызға!
...Сырды ұғыңдар мендегі
мұңды ұғыңдар,
Бірлігім бар болғанда
тірлігім бар.
...Ескі жұртқа жайылған тамырым бар —
Туған жерге байланған кіндігім бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу