Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  146


Автор: Ғалым Жайлыбай

Қаратаудың басынан көш құлады...

Қаратаудың басынан көш құлады,
Тағдыр-қамшы арқамнан осқылады.
Көрігімді қай ұста қыздырады
Көңілімді қай үміт хош қылады?..
Қаратаудың басынан көш құлады.
Қаратаудың басынан көш көрінді,
Қап-қара түн жаулайды кешкі өңірді.
Желкенімнің желкесін жел қиғанда
толқын-тірлік сындырған ескегімді.
Қаратаудың басынан көш көрінді.
Қара нардың айналды ыңыршығы,
Бұл астынан бедеу күн қылымсыды.
Бүркіт болып кеткен соң қара қарға
Іркіт болды әжемнің ірімшігі.
Қу тірліктің бітпесе қырсық әні,
Қара жолда төзім де тұншығады.
Қасқа тана тұлыпқа мөңіресе
Қара қаншық қайтадан қыңсылады.
Айыра алсақ алыстан ақ
-қараны,
Басымызға бармақтай бақ қонады.
Ерден қалса сұлудан сайқал шығып
Белден қалса бесті айғыр ат болады.
Көш келеді...
бетке алып құбыланы,
Аққу— армандарымды кім ұғады.
Баптағанда қыран құс қызылды ілсе
Ақтабанда азған ел шұбырады.
Көгершіні көңілдің дүрлігеді,
Жылатады бұл өмір,
күлдіреді.
Қаратаудың басынан көрінген көш
Қайда барып тоқтарын кім біледі?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу