Өлеңдер ✍️

  17.05.2022
  104


Автор: Ғалым Жайлыбай

Елес

Бетбақдала белі еді,
Көкалалы табынды
Тебінге айдап салғанда.
Өткен күннің өлеңі,
Тербетеді жанымды
Арна керіп арманға.
Бетегелі беткей-жыр,
Арда күрең аңсарым —
Тұма көрсең қанып іш!
Көңілімнен кетпей жүр
Сары далада сары сағым –
Сары белде — сағыныш!
Бал түнімнің бөлшегі,
Балаусамды баққа мал!
Шалғын шырай шақтағы ән.
Арман дүние өлшемі,
Ақ қардағы ақ сонар
Ақпандағы ақ боран.
Ақ өлеңдей азырақ,
Ұйқасы жоқ көлгір түн.
Өзің еді көргенім.
Ақ түтекте азынап,
Көкалалы көп жылқым
Көз алдымнан көлбедің.
Қасиеттi қара қос,
Айдалада айман ән.
Саған жетсек ырым-құт.
Есіңде ме,
Бала дос,
Сексеуілдің жайнаған —
Шоғын үрлеп жылындық.
Дүбір тілдер дүлдүлге,
Әппақ әлем бұл өзі
Күнге бұрар бетіңді.
Бір білерім бұл күнде,
Бетбақ жонның мінезі —
Бетбақ әйел секілді.
Жиі көрем түсімде,
Өң мен түстей өтті күн,
Өмірді өпті өлеңім.
Қара қостың ішінде,
Сексеуілдей тектінің —
Сөнбей қалған шоғы едім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу