Өлеңдер ✍️

  16.05.2022
  102


Автор: Ғалым Жайлыбай

Көлге кетіп қалып ем...

Беу, Талаптан!
Қайран дос,
Қайран бауыр,
Сырғып кетті сенен де айман-дәуір.
Өміріңнің елесі жанарымда —
Көңілімнің кемесі қайраңда жүр...
Беу, Талаптан, қайран дос,
Қайран бауыр.
Беу, Талаптан!
Алтайдың арлы ұлысың,
Жаратқанның қашанда жарлығы шын.
Аялайтын жыршы едің таңды құсың.
Біздің жетім толқынның
Тарғыл түсті —
Тарбағатай секілді тағдырысың...
Тұнық көлім кеткендей ылайланып,
Сен шықпайсың алдымнан шырайланып,
Құс қанаты қайрылса
Құлайды анық...
Қабіріңнің басында қара бұлттар —
Қара шәлі жамылып жүр айналып...
Беу, Талаптан,
Артыңда іздер қанша?..
Күреңіңді баптар ең күз болғанша.
Сені ойлаған қу жүрек сыздар қанша?!
Нұрлан, Қайрат достармен құшақтасып —
Бірге жүре тұрарсың біз барғанша.
Қара орманың соңыңда —
Жұртың қалды,
Бұл жалғанда жамар кім жыртылғанды?
Есігіңде ілулі құлпың қалды.
Жазушылар Одағы аталатын —
Қасиетті ордада рухың қалды.
...Өсер деген көңілім,
өшіп қайттың,
Қара суын қайғының кешіп қайттың.
(Дұшпан түгіл бұл хабар дос ұқпайтын...)
...Көлге кетіп қалып ем
Сол көліңе
Көлдей болған көз жасым қосып қайттым.
Беу, Талаптан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу